Қазақстанның су саласы: 2024 жылы оны дамыту үшін не істелді
© Сурет: primeminister.kz
2024 жылы Қазақстан су ресурстарын басқару жүйесін реформалауда елеулі қадам жасады. Бұл өзгерістер суды тұрақты және тиімді пайдалануға, сондай-ақ климаттың өзгеруі жағдайында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған, деп хабарлайды Zakon.kz.
2024 жылдың қорытындысы бойынша шолулар топтамасы аясында Primeminister.kz сайты еліміздің су шаруашылығының болашағын қалыптастыратын негізгі бастамалар туралы толығырақ тарқатады.
Үкімет сумен жабдықтау және су бұру инфрақұрылымын жедел жаңғыртуға бағытталған жұмысты қолға алды. Маңызды міндеттерге жаңа су қоймаларын салу, жұмыс істеп тұрған объектілерді реконструкциялау, цифрлық технологиялар мен су үнемдеу шешімдерін енгізу жатады. Су ресурстарын басқару саласындағы реформаларды іске асыруды жалғастыру, су үнемдеу арқылы ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыру, сондай-ақ су секторы үшін ғылыми базаны кеңейту және мамандар даярлау маңызды жаңалық болды.
2024 жыл Қазақстанның су секторын реформалау мен дамытудағы маңызды кезең болды. Үкімет сумен жабдықтау және су бұру инфрақұрылымын жедел жаңғыртуға бағытталған жұмысты қолға алды. Маңызды міндеттерге жаңа су қоймаларын салу, жұмыс істеп тұрған объектілерді реконструкциялау, цифрлық технологиялар мен су үнемдеу шешімдерін енгізу жатады. Су ресурстарын басқару саласындағы реформаларды іске асыруды жалғастыру, су үнемдеу арқылы ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыру, сондай-ақ су секторы үшін ғылыми базаны кеңейту және мамандар даярлау маңызды жаңалық болды.
Сурет: primeminister.kz
Инфрақұрылымды және ирригацияны жаңғырту
Елімізде ауыл шаруашылығы жерлерін тұрақты суаруды қамтамасыз ететін су қоймаларын, бөгеттер мен каналдарды қосқанда, 13 мыңнан астам гидротехникалық құрылыстар бар. 2024 жылы еліміздің оңтүстік аймақтарындағы суармалы жерлерге 10,9 км3 су жіберілді, ол суармалы егістікке арналған су қабылдаудың жалпы көлемінің 97%-ын құрайды. Талас және Шу өзендері бойынша көрсеткіштер айтарлықтай жақсарды, бұл сумен жабдықтау және суару бойынша іске асырылып жатқан іс-шаралардың тиімділігінің айғағы. Биыл Шардара су қоймасына 4,8 млрд м3 су келді, яғни, 2023 жылмен салыстырғанда 2 есе көп.
Мемлекет басшысы жедел ден қоюды талап ететін бірқатар негізгі бағыттарды атап өтті. Олардың ішінде – су инфрақұрылымын жаңғырту, тарифтік саясатты қайта қарау, су үнемдеу технологияларын енгізу және заңнамалық базаны жетілдіру ісі бар.
Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылғаннан бері еліміздің су шаруашылығы саласын түбегейлі өзгертуге бағытталған ауқымды реформаларды бастады. Жаңа нормативтік-құқықтық базаны әзірлеу бойынша үлкен жұмыс атқарылды: жаңа Су кодексінің жобасы әзірленді, Мәжілісте алғашқы тыңдаулар өткізілді, 2030 жылға дейін су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасы бекітілді, сондай-ақ 2028 жылға дейін су саласын дамытудың кешенді жоспары және 2026 жылға дейін су үнемдеу жөніндегі Жол картасы әзірленді.
Бұл құжаттар су саласын жаңғыртуға, су үнемдеу технологияларын енгізуге және климаттың өзгеруінің салдарына орнықтылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ маңызды қадам Су секторын дамыту бойынша серіктестердің үйлестіру кеңесін құру болды, ол өзекті мәселелер мен инновациялық шешімдерді талқылау үшін негізгі алаңға айналады.
Су қоймаларын және ирригациялық жүйелерді жаңғырту бағдарламасы шеңберінде 20 жаңа су қоймасын салу, сондай-ақ 14 мың шақырымнан астам ирригациялық каналдарды қосқанда, жұмыс істеп тұрған 15 су қоймасын реконструкциялау жоспарланған.
Бұл бастамалар су қоймаларының сыйымдылығын едәуір арттыруға және су ресурстарын басқаруды жақсартуға мүмкіндік береді. Суару арналарын жаңарту тасымалдау кезінде судың жоғалуын 50%-дан 25%-ға дейін азайтуға көмектеседі, Бұл ауыл шаруашылығының қажеттілігі үшін қосымша су көлемін қамтамасыз етеді.
Осы жылғы көрсеткіштер айтарлықтай ілгерілеуді көрсетеді: 2024 жылы Қазақстанда 93 гидротехникалық құрылысқа зерттеу жүргізілді, жалпы ұзындығы 592,9 км 260 бөгет салынып, нығайтылды.
Жаңа Су кодексінің негізгі принциптері
Кодекс су ресурстарын басқарудың өзекті мәселелерін шешуге, су тапшылығының алдын алуға және климаттың өзгеруі жағдайында экожүйелерді сақтауға бағытталған. Құжат бес негізгі қағидаға негізделген:
- Суды тіршілік пен экономикалық дамудың негізі ретінде тану;
- Су ресурстарының экономикалық құндылығын есепке алу;
- Жер үсті және жер асты суларын кешенді пайдалану;
- Ұтымды пайдалану және суды үнемдеу;
- Су ресурстарын басқару мәселелеріне жұртшылықты тарту.
Құжатта халық пен экономиканы су тапшылығы мен су объектілерінің ластану қаупінен қорғауды қамтитын су қауіпсіздігі ұғымы алғаш рет енгізілді. Сондай-ақ – "экологиялық ағын" – өзендердің, көлдер мен теңіздің экожүйелерін қолдау үшін сақталатын судың ең аз көлемі жайлы да ұғым енді. Бұл су объектілерінің сарқылуын және деградациясын болдырмайды.
Су кодексі 121 бапты, 14 тарауды және 6 бөлімді қамтиды. Ол табиғатты пайдалануға, агроөнеркәсіптік кешенге, құрылысқа және энергетикаға байланысты 4 кодекске (экологиялық, кәсіпкерлік, азаматтық және жер) және 9 заңға өзгерістер енгізуді көздейді.
Су ресурстарын басқару жүйесін цифрландыру
Су секторын реформалау шеңберіндегі негізгі бағыт су ресурстарын есепке алу, басқару және болжау үшін цифрлық технологияларды енгізу болып саналады.
2025 жылы Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін іске қосу жоспарланып отыр, ол су айдындарының нақты уақыттағы жай-күйіне мониторинг жүргізуді, сондай-ақ су тасқыны мен құрғақшылықты болжауды қамтамасыз етеді.
Мемлекет басшысының 2024 жылғы 1 сәуірдегі тапсырмасын орындау үшін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі экология және табиғи ресурстар, су ресурстары және ирригация, төтенше жағдайлар министрліктерімен бірлесіп ықтимал төтенше жағдайларды модельдеуге, стратегиялық шешімдер қабылдау үшін тиісті болжамдар жасауға мүмкіндік беретін "Tasqyn" су тасқынын болжау мен модельдеудің ақпараттық жүйесін әзірлеуде.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздің 3,5 мың км суару желілерін цифрландыру жұмыстары жүргізілуде.
Атап айтқанда, Қызылорда облысында Жаңашиелі, О-2, Келінтөбе, Әйтек және Сунақата сияқты бес арнада суды есепке алудың автоматтандырылған жүйесін орната отырып, су жинау стансаларын қайта құру жобасы іске асырылуда.
Жетісу, Түркістан және Жамбыл облыстарында – 2024 жылдан 2026 жылға дейін 16 суару каналы автоматтандырылады.
Сондай-ақ Қызылорда облысында 16 магистралды және шаруашылықаралық каналдарды автоматтандыру үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Бұл жобаларды іске асыру мерзімі 2026 жылдан 2027 жылға дейін, Ислам даму банкінің қаражаты есебінен жүргізіледі. Оларды іске асыру нәтижесінде суаруға арналған су шығынын жылына 0,5 км3 төмендету жоспарлануда.
Арналарды автоматтандыру судың сапалы және дәл есебін қамтамасыз етеді. Су ресурстарының Ақпараттық-талдау орталығында ұйымдастырылған ахуалдық орталық базасында үздіксіз мониторинг жасалады.
2024 жылғы шілдеде Қазақстан Үкіметінің қаулысымен "Қазагромелиосушар" республикалық әдістемелік орталығы" РММ мемлекеттің жүз пайыз қатысуымен "Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы" КЕАҚ болып қайта құрылды.
Орталықтың қызметі келесі бағыттарға негізделетін болады:
- су пайдаланушылардың есеп беру жүйесін жетілдіру;
- су шаруашылығы саласындағы барлық деректерді жинау және өңдеу;
- су тасқынын қысқа және ұзақ мерзімді болжау және модельдеу;
- су тапшылығы қаупі туралы хабарлау;
- басқарушылық шешімдер қабылдау үшін уәкілетті органға өңделген деректерді ұдайы ұсыну және басқалар.
Су секторын цифрландыру төтенше жағдайларға жедел ден қоюға ықпал етеді және су қорларын орнықты пайдалану үшін жағдай жасай отырып, басқарудың ашықтығын күшейтеді.
Судың "көлеңкелі нарығына" қарсы күрес
Министрлік су ресурстарын басқарудағы бұзушылықтарға қарсы күресті бастады. Су ресурстары және ирригация министрлігінің Ішкі аудит департаменті "Қазсушар" филиалдарына аудит жүргізді.
Су кодексінің жобасына су қорын қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылаудың жаңа түрі – тергеу енгізіледі. Бұл шара су қорын қорғауды күшейтуге және бұзушылықтар үшін жауапкершілікті арттыруға арналған.
Бассейндік инспекция қызметкерлерінің саны 1,5 есе өсті. Егер бұрын олардың саны 98 адам болса, қазір Қазақстанның бассейндік инспекцияларының жалпы штаты 242 адамды құрайды. Бұл республиканың әрбір облыс орталығында бассейндік инспекциялар бөлімдерін ашуға мүмкіндік берді.
Су дипломатиясы және көрші елдермен ынтымақтастық
Қазақстан су дипломатиясын белсенді дамытуды жалғастыруда. Осы жылы еліміз Халықаралық Аралды құтқару қорына үш жылдық төрағалық етуді бастады әрі көршілермен сумен жабдықтау мәселелері бойынша маңызды келіссөздер жүргізді. Жыл басынан бері Қытаймен, Ресеймен және Орталық Азия елдерімен трансшекаралық өзендер бойынша 35-ке жуық отырыс өткізілді.
Қырғызстанмен және Өзбекстанмен Шу, Талас және Сырдария трансшекаралық өзендері арқылы Қазақстанға су беру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Қытаймен 20-дан астам өзен, соның ішінде Ертіс және Іле өзендері бойынша келіссөздер жүргізілуде.
Трансшекаралық су ресурстарын әділ бөлуге ықпал ететін Халықаралық су ағындарын кеме қатынасынан басқаша пайдалану түрлерінің құқығы туралы БҰҰ Конвенциясына Қазақстанның қатысуы маңызды қадам болды.
Суармалы жерлерді кеңейту және суды үнемдеу технологиялары
Су ресурстарының негізгі көлемін жер үсті сулары орташа көпжылдық көлемде 106 км3 қамтамасыз етеді, оның 55,7%-ы еліміз аумағында қалыптасады, қалған 44,3% – Қытай, Өзбекстан, Ресей және Қырғызстаннан келетін трансшекаралық өзендерге тиесілі.
Барлық су ресурстарының шамамен 60%-ы ауыл шаруашылығы үшін пайдаланылады, бұл Қазақстанды ауыл шаруашылығында суды пайдалану бойынша Орталық Азиядағы суды көп қажет ететін елдердің біріне айналдырады. Бұл суармалы су шешуші рөл атқаратын аграрлық өндірістің сипатына байланысты.
Қазақстанның ауыл шаруашылығы климаттың ерекшелігі мен су тапшылығын ескере отырып, суарудың тиімді әдістерін қажет етеді. Бұл тұрғыда су үнемдеу технологияларын енгізу жалғасуда және суармалы жерлердің көлемі 2024 жылы 312,2 мың гектардан 462,2 мың гектарға дейін ұлғайды. Тамшылатып суару мен жаңбырлату жүйелерін енгізуге ерекше назар аударылды. Бұл әдістер суды үнемдеуге ғана емес, сонымен қатар дақылдардың өнімділігін айтарлықтай арттырады. Атап айтқанда, тамшылатып суару арқылы фермерлер суды тұтынуды 40-50%-ға азайтып, дақылдардың өнімділігін 1,5-2 есе көбейте алады.
Үкімет сонымен қатар су үнемдеу технологияларын енгізу үшін ауыл шаруашылығы өндірушілерін субсидиялауды ұлғайтты. Қаржыландыру бағдарламалары мен фермерлерді оқыту суарудың озық әдістерін таратуға көмектесті, бұл өз кезегінде аграрлық сектордағы экономикалық көрсеткіштердің жақсаруына әкелді.
Сурет: primeminister.kz
Елді мекендерді сумен жабдықтау
2024 жылға Қазақстанда 324 сумен жабдықтау жобасын іске асыруға 218 млрд теңге бөлінді. Бұл соманың 106 млрд теңгесі қалалардағы 122 жобаға, ал 112 млрд теңгесі ауылдық елді мекендердегі 202 жобаға бағытталды. Осы іс-шаралар шеңберінде биылғы 10 айда 39 ауыл орталықтандырылған сумен жабдықталды, 166 ауылда кешенді блок-модульдер орнатылды, ал 49 ауылда республикалық бюджет есебінен тозған су құбыры желілеріне реконструкция жасалды.
2024 жылы халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші қалаларда 99,5%, ал ауылдарда – 97,8%-ды құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда бұл қалаларда 0,6% және ауылдық жерлерде 1,2% өсімге сәйкес келеді.
Болашақ жоспарға орай елді мекендердің 100%-ын 2025 жылдың соңына дейін сапалы сумен жабдықтау қызметтерімен толық қамтамасыз ету көзделген, бұл еліміздің ауылдық және қалалық аумақтарында тұрмыс сапасы деңгейін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
Су тасқынын басқару жүйелері және шұғыл шаралар
Еліміздің су шаруашылығы объектілері суды өткізу міндетін ойдағыдай орындады, суды экожүйелер мен ауыл шаруашылығына бағыттай отырып, су қоймаларын толтыруға мүмкіндік берді. Экономика салаларының қажеттіліктері үшін пайдаланылған 12 млрд м3 астам су жиналды. Егер өткен жылы су қоймаларынан жалпы су жіберу бүкіл су тасқыны кезеңінде шамамен 13 млрд м3 құраса, биыл 1 айда су қоймаларынан жалпы су жіберу 36 млрд м3 астам құрады, бұл биылғы су тасқынының ауқымдылығын көрсетеді.
Жыл басынан бері Балқаш көліне 15,2 млрд м3 су жиналды, оның ішінде 3,3 млрд м3 су тасқыны кезінде құйылды. Жыл басынан бері Каспий теңізіне 17,1 млрд м3 су келді. Батыс Қазақстан облысының Қамыс-Самар көлдеріне 80 млн м3 су жіберілді. Ұлытау облысынан Қызылорда облысына 839 млн м3 су келді. Осының арқасында, алғаш рет аталған су көлемі Сарысу өзені арқылы Қызылорда облысының көл жүйелеріне жетті.
Мемлекет басшысының 2024 жылғы 1 сәуірдегі тапсырмасын орындау үшін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі экология және табиғи ресурстар, төтенше жағдайлар, су ресурстары және ирригация министрліктерімен бірлесіп "Tasqyn" су тасқынын болжау мен модельдеудің ақпараттық жүйесін әзірлеуде. Бұл жүйе ықтимал төтенше жағдайларды модельдеуге және стратегиялық шешімдер қабылдау үшін тиісті болжамдар жасауға мүмкіндік береді.
Су объектілеріндегі су шығыны болжамдары гидротехникалық құрылыстардағы төгінділерді реттеу және қолайсыз гидрометеорологиялық жағдайлар кезеңінде қоршаған ортаға жүктемені азайту жөніндегі іс-шараларды жүргізуге негіз болып саналады. Су ресурстары және ирригация министрлігінің тарапынан әдістеме су қоймаларында және су шаруашылығы жүйелерінде суды пайдалану режимдерін талдау және түзету мақсатында жүргізіледі, сондай-ақ суды жедел бөлу үшін жасалатын жедел әрі болжамды су шаруашылығы баланстарының есебін регламенттейді. Ақпараттық жүйені іске қосу осы жылдың соңына дейін жоспарланған. Алдағы уақытта мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері үшін оқыту семинарларын өткізу жоспарланған.
Институционалдық өзгерістер және жаңа ғылыми мекемелерді құру
2024 жыл су ресурстары саласындағы институционалдық өзгерістер тұрғысынан маңызды жыл болды. Атап айтқанда, су ресурстарын басқару жүйесінде Ұлттық гидрогеологиялық қызмет қалпына келтірілді, ол су қорларын бақылау мен басқарудың сапасын жақсартуға, сондай-ақ сумен жабдықтау қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік берді. Бұл қызмет су ресурстарының жай-күйін бағалауда және оларды ұтымды пайдалану жөніндегі іс-шараларды әзірлеуде шешуші рөл атқарады.
Сонымен қатар Қазақстанның 9 өңірінде гидротехникалық құрылыстарды пайдалану бойынша мамандандырылған ұйым құрылды. Аталған ұйымдар гидротехникалық объектілерді пайдалану және техникалық қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған, ол өз кезегінде апаттық жағдайлар мен суды жоғалту қаупін азайтады.
Маңызды институционалдық реформалардың ішінде балық шаруашылығы функцияларын Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінен Ауыл шаруашылығы министрлігіне беруді атап өтуге болады. Бұл өзгеріс балық шаруашылығы саласындағы қызметті үйлестіруді және балық өнеркәсібі үшін су ресурстарын пайдалануды жақсартуға мүмкіндік береді.
Су секторында ғылымды және білім беруді дамыту
2024 жылы Қазақстанда жаңа ғылыми және білім беру мекемелерін құру арқылы су секторын дамытуда маңызды қадам жасалды. Каспий теңізінің Қазақ ғылыми-зерттеу институтының құрылуы өңірдің экологиясы мен су ресурстарын тұрақты пайдалануды зерттеуге елеулі үлес болды. Бұл институтта зерттеулер жүргізілуде, жаңа технологиялар әзірленуде және Каспий экожүйесінің жай-күйіне мониторинг жүргізілуде. Сондай-ақ Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті құрылды, ол экология және су ресурстарын басқару саласында мамандарды белсенді даярлайды, бұл саланың кадрлық базасын нығайтуға ықпал етеді. 2025 оқу жылында университет "Гидроэкология" мамандығын енгізуді жоспарлауда. Бұл білім саласы әсіресе су ресурстарының ластануы, климаттың өзгеруі және су объектілерін ұтымды пайдалану қажеттілігі жағдайында өзекті болып отыр.
Су секторы мамандарының біліктілігін арттыру үшін Су ресурстары және ирригация министрлігі бірқатар шараларды жүзеге асыруда. 2024 жылы "Қазсушар" қызметкерлерінің жалақысы едәуір көбейді, бұл осы саладағы жұмыстың тартымдылығын ынталандырды. Сонымен қатар су мамандықтары "Болашақ" бағдарламасына енгізілді, бұл министрлік мамандарына шетелде оқуға өтініш беруге мүмкіндік берді. Қабылданған шаралардың қорытындысы бойынша су саласының 450-ден астам қызметкері біліктілікті арттыру курстарынан өтті.
Студенттерге су шаруашылығы ұйымдарында өндірістік практикадан өтуге мүмкіндік берген 9 университетпен ынтымақтастық та маңызды элемент саналады.
Қазақстан су шаруашылығы саласындағы халықаралық ынтымақтастықты да белсенді дамытуда. Атап айтқанда, Тараз өңірлік университеті мен Ташкент ирригация инженерлері институты студенттерге екі елдің дипломдарын алуға мүмкіндік беретін қос дипломды білім берудің бірлескен бағдарламасы туралы келісімге қол қойды.
Кәсіби біліктілік бойынша салалық кеңес құру және "Гидротехникалық мелиорация" сияқты кәсіби стандарттарды өзектендіру мамандарды даярлау сапасын едәуір жақсартты. Нидерландымен халықаралық ынтымақтастық аясында су ресурстарын басқару бойынша семинарлар мен тренингтер өткізілді, бұл қазақстандық мамандардың біліктілігін арттыруға ықпал етті.
ҚХР-мен бірлескен жұмыс нәтижесінде 2025 жылы су саласының 100-ден астам маманын оқытуға жіберу туралы келісімге қол жеткізілді.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
15:32, 13 желтоқсан 2024
Ақмола облысында жалған банкнотпен жасалған алаяқтық анықталды
-
15:25, 13 желтоқсан 2024
Гукеш Доммараджу Каспаровтың рекордын жаңартты және 18 жасында шахматтан әлем чемпионы атанды
-
15:12, 13 желтоқсан 2024
Тоқаев энергетика саласы қызметкерлерін марапаттау туралы жарлыққа қол қойды
-
15:00, 13 желтоқсан 2024
Өзбекстандық боксшы иығынан тістеп алған Абылайхан Жүсіпов Азия-2024 чемпионы атанды
-
14:49, 13 желтоқсан 2024
Шерзат Полаттың өлімі: Алматы облысының әкімі қазақстандықтарға үндеу жасады