Қазақстанның интернационалистері партия құрайын деп отыр

14:03, 24 қыркүйек 2019

Кей сарапшылардың болжамдарына сенсек, жақын арада Қазақстанда партиялар тіріле бастайды: 2021 жылы өтетін парламенттік сайлау қарсаңында саяси аренада жаңа ойыншылардың пайда болатыны құпия емес.

Бір жаңа партия қазір-ақ бой көрсете бастады.

Күні кеше "Қазақстанның интернационалистер қоғамы" деген атаумен республикалық қоғамдық бірлестік тіркелді. Бұл ұйым енді жақын арада партияға ретінде тіркелуді жоспарлап отыр.

Осы қозғалыстың жетекшісі Бақытжан Көпбаевтан camonitor.kz тілшісі сұқбат алыпты.

- Шынымен партия құрасыз ба?

- Әзірге ешкімнің аты-жөнін атамай-ақ қояйын, бірақ бірнеше ірі кәсіпорынның қызметкерлері біздің қатарымызға қосылуға және қажетті қолдау көрсетуге ниетті екенін айта аламын. Олар – кәсіподақтардан пайда жоқ екенін баяғыда түсінгендер. Ал қаржылық ресурстарға келер болсақ, меніңше, ақша жағы да сонша қиын проблема емес. Біз тыныш жұмыс істегісі келетін, тұрақты болашақты қалайтын азаматтарды біріктірмекпіз, шағын бизнеске қатысты либералды саясат ұстанбақпыз. Біздің қатарымызға тіпті шетелдік кәсіпкерлер де өз командаларымен бірге қосылуға дайын. Партия болсақ – біз әлсіз партия болмаймыз. Егер партиямыз тіркеліп жатса – парламенттік сайлауға да дайынбыз.

- Коммунистердің партиясымен бірігуіңіз мүмкін бе?

- Коммунистік-халықтық партияның әлсіз тұсы – ол әбден ескірген, заманауи талапқа сай емес. Оның көшбасшысы Айқын Қоңыров қанша жерден жас, жігерлі саясаткер болса да, жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпайды. Сондықтан, алдағы парламенттік сайлау алдында ол партиямен одақтасып кетуіміз де ғажап емес

- Сіздің қозғалысыңыздың басты ерекшелігі неде болмақ?

- Біріншіден, ол төменнен, қалың бұқараның қалауын бастама етіп көтерудің арқасында құрылған. Екіншіден, біз түрлі ұлт өкілдерінің құқығын теңдей қорғаймыз. Үшіншіден, бізде айқын, қарапайым және түсінікті саяси идеология бар – бұл әлеуметтік әділеттілік пен теңдік үшін күрес. Енді сол партияны құру туралы мәселені келесі съездерде көтермекпіз.

- Кей жұртқа сіздің антифашизм идеяларын насихаттайтыныңыз ұнамайды. Әлеуметтік желілердегі сын пікірлерге не дейсіз?

- Біздің қозғалысымыз фашизмге қарсы күресу қажет екенін түсіну негізінде дүниеге келді. Біз осы бағытты ұстануға ниеттіміз. Біз маргиналдар мен арзан интригалар үшін өзіміздің негізгі ұстанымдарымызды құрбандыққа шалмаймыз. Меніңше, Қазақстанда биліктің ауысуы нәтижесінде билікке Қасым-Жомарт Тоқаев сияқты интернационалист-президенттің келуі түрлі топтағы ұлтшылдардың жоспарын бұзды. Олардың алдыңғы жылдары қалыптасқан билікпен қарым-қатынасы ақырындап жойыла бастады. Ұлтшыл-радикалдардар енді айтарлықтай бәсеңдеп қалды. Менің ойымша, бұл жерде біздің де еңбегіміз бар.

- Сізді Путинмен байланысы бар айыптайтындар бар...

- Арнайы қызметтердің ондай күдігі, әрине, расталмады. Ол негізсіз айыптау. Шындығында, Ресейдің де, басқа елдің де бізде шаруасы жоқ. Біздің Отанымыз – Қазақстан, біз өз елімізді тәуелсіз етіп, халқымыздың өз болашағына сенімді болғанын ғана қалаймыз.

- Сіз Facebook-те белсендісіз. Бұл желі бүгінде саясатқа тым толы, әлеуметтік-саяси мәселелерді оңдырмай талқылайды. Мұның бәрі сіздің ұйымның имиджіне кері әсер тигізетіні анық. Онымен қалай күреспексіз?

- Біз өз арамызда жүрген радикалдармен мәселені шештік. Қоғамдық пікірталаста тәртіп сақтай алмай, шектен шығатындар өздері білсін. Шыны керек, тым радикалды ұлтшылдардың асып-тасыған энергиясын азық ететін адамдар бар. Мен ондай кезде қолданушыларды шектен шықпай, конструктивті, дәлелді түрде пікірталас жүргізуге шақырамын. Оның үстіне, біздің қоғам өсу-даму кезеңінен баяғыда өтіп кетті, енді біз шынымен де саяси кемелдіктің жаңа деңгейіне көтерілуіміз керек.

Авторы: Сәуле Исабаева


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!