Қазақстаннан қажылыққа 3 мың адам аттанды

12:17, 16 тамыз 2018
458

Бүгін ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз Астана қаласының халықаралық әуежайынан қажылыққа аттанғандардың соңғы легін шығарып салады, деп хабарлайды Zakon.kz Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

ҚМДБ баспасөз қызметінің ақпаратынша, отандастарымыз Астанадан бөлек, Алматы, Ақтау, Шымкент қалаларынан тікелей рейспен Жидда, Мәдина шаһарына ұшуда. Әуе рейстерін Қазақстан тарапынан отандық «Scat», Сауд Арабия Корольдігінен «Flynas» әуекомпаниялары ұйымдастырады. Ұшу уақыты 5-6 сағат. Сауд Арабия Корольдігінің Қажылық министрлігі бөлген 3000 квотаға визалар толық шықты.

ҚМДБ жанынан құрылған Қажылық миссиясы қажылық сапарын ұйымдастыру-үйлестіру жұмыстарын жан-жақты пысықтап, миссия жанынан дәрігерлер, уағызшылар, ақпарат тобы құрылып, әрбіріне тиісті міндеттер жүктелген және қатарларында тиісті министрліктердің өкілдері де бар. Олар қажыларды жан-жақты ақпаратпен, қажылық барысында туындаған мәселелер болса сонын шешімін табуға көмек береді.

«Қазақстан қажылары ұлы сапарға аттанбас бұрын, менингитке қарсы екпе салдырды. Қажылық сапарға ниет білдірген азаматтардың денсаулығы толық тексерілді. Сауд Арабияда ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан ұсынылған дәрігерлер отандастарымыздың денсаулығын жіті қадағалайды. Дәрігерлер ҚМДБ қажылық миссиясының медициналық көмек көрсету орталығында қажыларға тәулік бойы қызмет көрсетеді. Орталықта жедел жәрдем көлігі де болады. Барлық қажы отандық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген. Биыл алғаш рет Қазақстан қажылары қажылыққа бірыңғай киім үлгісін киіп барады», деді Бас мүфти Серікбай қажы Ораз.

Айта кететін тағы бір жайт, ұлы сапар кезінде қажыларға гидтер жол көрсетіп, көмекші болады және уағыз-насихат жұмыстарына білікті де білімді имамдар бекітілген.

Қажылық сапарға аттанған қазақстандықтарды шығарып салып, сәт-сапар тілегін жеткізуге әуежайға Сауд Арабиясы Корольдігінің Төтенше және өкілетті елшісі Захир бен Мутиш Әл-Анези арнайы келіп, қажылық сапарға ниет білдірген жандарға оң сапар тілеп, олардың аман-есен жетіп, қажылықтары жеңіл және қабыл болып, елге аман оралуына Алла нәсіп етсін деген тілегін білдірді.

Елші ҚР Президентіне, ҚР Үкіметіне, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасына және қызметкерлеріне зор алғысын білдірді.


Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!