Қазақстандық YPO жастарға бай болудың құпиясымен бөлісті

09:00, 5 қараша 2018

3 қарашада Астанада YPO жастар бизнес-форумы өтті, онда қазақстандық бизнес көшбасшылары практикалық кейстерімен және бизнес жүргізу бойынша кеңестерімен бөлісті. Іс-шараның бастамашысы еліміздегі YPO мүшесі ретінде Айдын Рахымбаев болды.

Young Presidents Organization – бұл әр елде өз бөлімшелері бар кәсіпкерлердің халықаралық жабық клубы, оған әлемнің 25 мыңға жуық табысты бизнес өкілдері кіреді. Ал Қазақстаннан 20 кәсіпкер.

Олардың бесеуі форумда спикер болды - BI Group акционері және директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев, Lancaster Group акционері және директорлар кеңесінің төрағасы Берік Қаниев, Altyn Kyran Group акционері және бақылау кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов, CEO Globalink Logistics Сиддик Хан және Forbes Kazakhstan шығарушысы Арманжан Байтасов.

Жас кәсіпкерлерді әсіресе, перспективалы бизнес түрлері, бизнестегі серіктестік пен трендтер, мотивация және команда құру мәселелері қызықтырды. Ал спикерлер кәсіпте жіберген қателіктерін айта отырып, әрбір мәселені дәйекті түрде талқылады.

Мәселен, Исламбек Салжанов, қалтасында бірде-бір доллар болмаса да, еліміз үшін ең күрделі уақытта кәсіпті бастағанын айтады. Ең бастысы қаймықпай, жұмысты бастауға ниет таныту керек, дейді Altyn Kyran Group акционері.

Осындай тәсілмен аға буын кәсіпкерлер ісін жаңа бастаған жастарды қолдау үшін өз үлестерін қосуға ниет танытып отыр. Дегенмен, «Ұстаздан шәкірт озар» демекші, отандық бизнес капитандарына еш босаңсуға болмайды, жастар өсіп келеді. Ал бәсекелестік жоғары болғанда ғана компанияның одан әрі дамитынын тәжірибелі кәсіпкерлер жақсы біледі, сондықтан осындай кездесулерді тұрақты түрде өткізуге дайын екендіктерін білдірді.


Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!