Қазақстандық лотерея операторлары салықтан босатылмақ

16:02, 20 қыркүйек 2018

Елімізде лотерея ойындарын ұйымдастыру қызметіне қосылған құн салығынан босату ұсынылды. Бұл туралы бүгін ҚР Әділет министрлігі жанындағы заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында белгілі болды. Отырыс барысында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы баяндама жасады, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

"2017 жылдың 25 желтоқсанында еліміздің жаңа Салық кодексі қабылданып, соған сәйкес лотерея билеттерін сату айналымына қосылған құн салығы салынған. Қазіргі уақытта қосылған құнға салық оператордың ұтысты төлегеннен кейінгі түсіміне салынады. Ал ол әдетте жүлде қорының сомасына тең болып келеді", - деді Қуатжан Уәлиев.

Оның сөзінше, іс жүзінде лотерея операторына түсетін қаржылық жүктеме былай болып отыр: барлық түсімнің кемінде 50 пайызы жүлде қорына кетеді, ал қалған 50 пайыздан кемінде 10 пайызы спортты дамытуға, 12 пайызы ҚҚС-ке және 20 пайызы шығыстарды алып тастағаннан кейінгі корпоративтік табыс салығына кетеді.

Министрдің жауапты хатшысының мәліметінше, лотерея операторы қалған сома есебінен жалақы төлеу, барлық ІТ-инфрақұрылымдардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету сынды ағымдық шығындарын жабуы қажет.

Сондай-ақ, ол Канада, Италия, Ұлыбритания, АҚШ және Польша сынды елдерде лотерея билеттерін сату айналымы қосылған құн салығынан босатылған.

Айта кеткен жөн, 2017 жылдың 10 ақпанында ҚР Үкіметінің қаулысымен "Сәтті жұлдыз" АҚ лотерея операторы болып айқындалған.


Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!