Қазақстандағы өндірістік жарақат қаупі жоғары салалар аталды

09:54, 11 желтоқсан 2018
580

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Павлодарда жұмысшылардың жұмыс орындарында алған жарақат санын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі таңда өндірістегі еңбек қауіпсіздігі мәселесі зор маңызға ие болып отыр. Өкінішке орай, 2017 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 1678 жұмысшының еңбек жарақатын алғаны анықталған. Олардың 244-і қайғылы аяқталды. Сондықтан осындай олқылықтардың алдын алу үшін бұл мәселені күн тәртібінен түсірмей, ұдайы басты назарда ұстап отыру аса маңызды», - деп мәлімдеді Мәулен Әшімбаев Ақсу ферроқорытпа зауытында өткен «Лайықты еңбек - мемлекеттің тұрақтылық негізі» атты жұмысшылар форумында.

Баспасөз қызметі хабарлағандай, 2018 жылдың басынан бері 1231 адам зардап шексе, соның ішінде 167-сі қаза тапқан.

«Зардап шегушілердің көпшілігі тау-кен металлургиялық кешені кәсіпорындарында, сондай-ақ құрылыс саласында еңбек еткен, сондықтан біздің басты міндеттеріміздің бірі жұмыс орнында өндірістік жарақаттанудың алдын алу және болдырмау болып саналады», - деді М.Әшімбаев.

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев арнайы сапармен Павлодар облысына барып, партия мен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының бірлесіп ұйымдастыруымен өткен «Лайықты еңбек - мемлекеттің тұрақтылық негізі» атты жұмысшылар форумына қатысты.


Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!