Қазақстанда кімдердің несие төлемінің мерзімі кейінге шегерілетіні айтылды

17:07, 27 наурыз 2020

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Қазақстанда несие төлеу мерзімін кейінге шегеруге болатын азаматтар тобын атады, деп хабарлайды zakon.kz.

Қазіргі уақытта Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы, екінші деңгейлі банктер және микроқаржы ұйымдары халықты қолдау бойынша тиісті шараларды әзірлеп, бекітті. Қарыз алушыларға төлем мерзімін ұзарту 2020 жылдың 16 наурызы мен 15 маусымы аралығында жүзеге асырылады, - деді Абаев.

Оның айтуынша, несиенің ай сайынғы төлемін жасау шынымен мұқтаж адамдар үшін тоқтата тұрылады.

Бұл ретте ол карантинге байланысты ақысыз еңбек демалысына кеткендер немесе жалақысын төлеу уақытша тоқтатылған азаматтарды мысалға келтірді. Өздеріңіз түсінесіздер, себептердің көпшілігі төтенше жағдай енгізу режиміне байланысты. Ресми түрде тіркелген жұмыссыздар, АӘК алушылар және халықтың әлеуметтік әлсіз топтары қосымша құжаттарсыз-ақ бұл мүмкіндікке ие болады, - деді министр.

Ол несиелік ұйымдар аталған тұлғалардың тізімдерін несиелік бюролардан алатындығын баса айтты.

Бұл шара кәсіпкерлерге де қатысты. Мысалы, егер қаржылық жағдайы нашарласа, сатқан тауары мен көрсеткен қызмет көлемі күрт азайса, тұтынушылары төлемдерді кешіктіріп жатса және тағы басқа да жағдайы болса, - деп сөзін түйіндеді Абаев.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!