Қазақстанда енді Иманбекке ескерткіш орнату ұсынылды

17:28, 24 қыркүйек 2021
340

© Сурет: Владимир Яроцкий / snob.ru

Павлодар облысында аймақ басшысының қатысуымен Жастар бастамаларын дамыту орталығында өткен креативті индустрия жұмыскерлерімен кездесуде жаңа шығармашылық орталығын ашу, креативті кәсіпкерлерді қолдау және Иманбек пен Скриптониттің жетістіктерінің тарихы туралы сөз болды, деп хабарлайды zakon.kz Павлодар облысының әкімдігіне сілтеме жасап.

Диалогтік алаңға креативті индустрияны дамыту жөніндегі республикалық жобалық кеңсенің жетекшісі Жумин Данат қатысты. Ол Павлодар облысы креативті индустрияны дамытуда еліміздің перспективасы жоғары аймақтарының бірі екендігін және қазіргі кезде креативті индсутрияны дамыту концепциясы құрастырылып жатқанын айтты.

- Бұл жұмыстың басты мақсаты – ұлттық экономиканы дамыту, мүмкіндік болса, неге шығармашылық арқылы пайда таппасқа, - деп атап өтті Данат Жумин. – Бүгінгі таңда креативті индустрия қазақстандық ЖІӨ-ің 2,3%-ын құрайды. Бұл салада еліміздегі жұмыскерлердің 3,6%-ы қызмет етеді. Әзірше біздің заңнамада креативті индустрияның нақты анықтамасы жоқ, яғни, бұл дегеніміз онымен айналысатын өкілетті орган мен саланы дамытудың нақты саясаты да жоқ деген сөз. Сондай-ақ, мемлекеттік қолдау шаралары креативті индустрия саласына бағытталмаған, бұл салада білікті мамандар да жетіспейді.

Елордалық қонақ креативті индустрияны толыққанды дамыту үшін тиісті инфрақұрылым қажет екенін атап өтті. Еліміздің қалалары мен ауылдарында шығармашыл адамдар өз күштерін байқап, пікірлестерінің тәжірибесін көре алатын, өз өнімдерін шығаратын орындар аз. Облыс орталығында бұрынғы теміржол колледжінің базасында келесі жылы іске қосу жоспарланған "Technikum" шығармашылық орталығы осындай тартылыс орталығына айналуы тиіс. Аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов атап өткендей бұл орталыққа кез келген адам келе алады.

- Өздерінің талантымен бөліскісі келетін, бірақ қайда барарын білмейтін көп адам бар, - деді әкім. – Сондықтан біз спортпен айналысып, шығармашылық жәрмеңкелер мен шеберлік сыныптарын өткізіп, жаңа білім алуға болатын орталық ашуды шештік. Бұл орталық шығармашылық қауымдастығы бас қосып, креативті идеялар туындайтын кездесу орнына айналады деп үміттенемін. Орталықтың жобасы жақын арада мемлекеттік сараптамадан өтіп, келесі жылы оны жүзеге асыруға қажетті қаржыны бөлетін боламыз.

Данат Жумин жобаға оң бағасын беріп, орталықты құрудан бөлек оны дұрыс басқару қажеттігін еске салды. Сондықтан, аймақ басшысы бірден шығармашылық орталықтың директорына конкурс жариялады. Әбілқайыр Сқақов бұл лауазымға өз кәсібі бар, қатып қалған шенеунік сияқты емес, шығармашыл адам болуы керектігін айтты. Үміткер шығармашылық орталықты басқаруға дайындалуы керек. Креативті индустрияны дамыту жөніндегі республикалық жобалық кеңсенің өкілдері қажет адамды табуға көмектесетіндерін айтты.

Кездесу соңында павлодарлық креативті индустрия саласының жұмыскерлері өз идеяларын айтты. Мәселен, Ақсу қаласының тұрғындары "Грэмми" музыкалық премиясының бір номинациясын жеңіп алған жерлестері – диджей әрі продюсер Иманбек Зейкеновтің құрметіне ескерткіш орнатуды ұсынды. Әкім бұл ұсыныс қаралатынын айтып, алайда, өз тарапынан жеке-дара күшімен жетістікке жеткен павлодарлықтардың табысқа жету жолы туралы фильм түсіруді ұсынды. Киноның сюжетіне Иманбек немесе өңірдің тағы бір тумасы – талантты рэппер Скриптониттің табыс жолын алуға болады.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!