Қазақстан мен Марокко арасында визасыз режим енгізілді

13:20, 27 қыркүйек 2024

© Сурет: gov.kz

Қазақстан мен Марокко визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қойды. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Құжатқа ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен Марокко Корольдігінің Сыртқы істер, африкалық ынтымақтастық және шетелдегі марокколықтар жөніндегі министрі Насер Бурита БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-шы сессиясы аясында қол қойды.

"Министрлер саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты қатынастардың қазіргі ахуалы мен перспективаларын талқылады. Келіссөздердің қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Марокко Корольдігінің Үкіметі арасындағы ұлттық/жалпыазаматтық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қойды".ҚР СІМ

Аталған Келісім екі ел азаматтарының сапарларын жеңілдетуге бағытталған және екіжақты қатынастарды одан әрі нығайтуға ықпал етеді.

"Келісімге сәйкес, Қазақстан және Марокко азаматтары жарамды ұлттық/жалпыазаматтық паспорттардың негізінде екі елдің аумағына кіру, шығу, транзитпен өту және уақытша болу үшін визалық талаптардан босатылады. Әрбір болу мерзімі кіру сәтінен бастап 180 күннің ішінде 30 күнтізбелік күннен аспауы тиіс". ҚР СІМ

Сонымен қатар Келісімде көзделген мерзімнен ұзақ болуды немесе еңбек қызметімен, білім алу немесе кәсіпкерлікпен айналысуды жоспарлаған тараптардың азаматтары қабылдаушы мемлекеттің дипломатиялық өкілдіктері немесе консулдық мекемелерінен тиісті виза алуға міндетті.

Келісім тараптардың қажетті ішкі мемлекеттік рәсімдерді аяқтағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап 30 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!