Қазақстан-Қырғызстан шекарасындағы заң талаптарының орындалуы мұқият бақылауда болады

19:47, 19 қазан 2017
314

Қазақстан-Қырғызстан шекарасындағы ең ірі бекеттің бірі ол – Қордай бөлімі. Біздің түсіру тобымыз жоспарлы шекаралық операция басталғалы бері сол маңда.

Аталған шекара учаскесінде Қордай пунктінен басқа тағы үш шекара бақылау бекеті бар. Олардың барлығында да жұмыс бір қалыпты жүріп жатыр. Адамдардың, жеңіл және бос жүк көліктерінің ары-бері жүруіне ешқандай кедергі жоқ. Қордай арқылы Қазақстаннан Қырғызстанға шығып бара жатқан адамдардың кезегі тіпті аз. 

Ал Қазақстанға кіріп келе жатқан азаматтардың саны түске дейін 30-40 адамнан аспап еді, түстен кейін олардың саны ұлғайды. Дегенмен төлқұжат тексеру бөлімінде он бестен астам оператор жұмыс істеп отырғандықтан, кезектегі адамдар шекарадан жылдам өтіп жатыр. Мысалы түнгі 12-ден бастап кешкі 4-ке дейін Қордай шекара бақылау бөлімі арқылы алты мыңнан астам адам мен 500-ге жуық көлік өткен.  

Таптык Халиков, Қырғызстан азаматы: 

– Жолаушылар тасымалымен 20 жылдан бері айналысамыз. Бүгін бұрынғыдан тезірек өттік. Жүргізушілер мен жолаушылардың құжаттары және техпаспорт, көліктің өзге де құжаттары дұрыс болса, еш кедергісіз өткізіп жатыр.

Қалжан Ахметова, Қазақстан азаматы:  

– Қырғызстанға барып келе жатырмын. Ешқандай кедергі болған жоқ. Жақсы өттік. Қызым Қырғызстанда оқиды. Соның оқуына барып келе жатырмыз. 

Гүлсара Қалбаева, Қырғызстан азаматы: 

– Кезекпен өттік. Қиыншылық жоқ. Ешқандай шағымымыз жоқ. 

Ұлан Нарынбек, тілші:  

– Дегенмен заң талаптарының орындалуы мұқият бақылауда болатыны анық. 10 қазаннан бастап ветеринарлық және фитосанитарлық бақылау күшейтілді. Ал мемлекеттік шекараның барлық периметрі бойынша жүріп жатқан шекаралық операция әлі жалғасуда. Осы уақытқа дейін жүздеген заңбұзушылық тіркелді. Мысалы күні кеше ғана Қарасу бекетінде Қазақстанға есірткі алып өтпекші болған 3 адам ұсталды. Шекарашылардың  айтуынша, олардың екеуі – Қырғызстан, ал біреуі – Канаданың азаматы. Қазір осыған қатысты тергеу шаралары жүріп жатыр.

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!