Қазақ қызы 3 сәбиін балалар үйіне өткізіп, түріктің еркегіне еріп кетті

10:42, 10 желтоқсан 2019

3 баласын тастап, шетелдік азаматпен еріп кеткен көкек ана іздестірілуде. Жолдасымен дәм-тұзы жараспаған соң, ажырасып, шиіттей 3 сәбиін балалар үйіне өткізіп жіберген. Әкелері де балалардан заң жүзінде бас тартып, ат ізін салмай кетіпті.

Ал тастандыларды бауырына басқан туысқандары құжаттарын реттей алмай, білім бөлімінің табалдырығын тоздырып біттік деп шағымданды. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

- Сағынасың ба мамаңды барғың келеме?

- Жоқ

- Неге?

- Қарамайды ғой ол бізді.

9 жастағы Гүлназдың өз анасы туралы бар естелігі осы ғана. Бауырларыма да дұрыс қараған жоқ деп бұртиды. Тіпті үйге қамап кеткен кездері де аз болмапты. Ақыр соңында көкек ана ішінен шыққан 3 баласын тағдыр тәлкегіне тастап, шетел асып кетіпті.

Гүлмира Сүлейменова, көпбалалы ана:

"Любой уақытта шешесі келіп, балалар менікі деп алып кете алады".


Гүлмира - бүлдіршіндердің қазіргі қамқоршысы. Туған інісі мен келіні керек етпеген 3 жәутең көзді балалар үйінен жетектеп әкеп, өз төрінен орын берді. 6 баласынан кем көрмей, бағып-қағып отыр. Балалар да бауыр басып қалған тәрізді. Тек туған анасы кез келген сәтте пайда болып, шырқымызды бұзама деген қорқыныш бар.

Гүлмира Сүлейменова, көпбалалы ана:

"Өйткені заң оның жағында. Ертең ол балаларды алып кеткеннен кейін, Балалар қаңғырып қалмайды дегенге кім кепіл береді? Ешкім бере алмайды. Біздің бір жылдық еңбегіміз далаға кетеді біріншіден, балаларға обал болады. Өйткені бізге бауыр басып қалды".


Гүлмираның бар қалауы 3 баланың құжаттарын реттеп, толыққанды өз атына жазу. "Жаман айтпай, жақсы жоқ. Ауырып қалса, емханалар маңайына да жуытпайды", - деп кіжінді.

Гүлмира Сүлейменова, көпбалалы ана:

"Балалардың куәліктері жоқ болғандықтан, құжаттары дұрыс болмағандықтан, біз ешқайда шыға алмаймыз. Адамдар құсап, жанағы , жазда демалысқа барады ғой. Ауылға дейікші, Қазақстан ішіне, даже біз сол жерге бара алмаймыз. Операция қажет болып қалса ше, әке шешесінің қолы керек, немесе опекунның қолы керек. Ондайда мен не істеймін? Бала өлсін деп бетіне қарап отырамын ба?"

Бір ай емес, бақандай 1 жыл бойы құжаттарды реттей алмай отырған білім бөліміне бас сұқтық. Әкесі балалардан заңды түрде бас тартқандықтан, ендігі мәселе шетелде жүрген анасына тіреліп тұрған көрінеді.

Гүлім Жүсіпова, Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасының қорғаншылық және қамқоршылық бөлімінің басшысы:

"Қайтадан ходатайства жазып отырмыз. Мамасынсыз заочно шешімді қабылдаңыз, сырттан ата-құқығынан айырыңыз деп. Балалардың екі құжатын алып бердік. Енді қазір үлкен қыздың Нуринский туды деген құжатын растап дайындап жатырмыз. Өйткені туу туралы куәлігі жоқ. Тек қана паспорт бойынша сот қабылдамай отыр".


Балаларын тастап, шекара асқан көкек ана Түркияның қай қаласында тұрып жатқаны анықталды. Мекенжайы нақтыланып, байланыс орнаса, сот шиеттей 3 сәбидің тағдырына қатысты соңғы шешімді қабылдайды.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!