Каспийге батқан кемелерден теңіздегі су көліктері қозғалысына қауіп төнді

21:23, 20 қазан 2017
1343

Каспийге батып кеткен ондаған кеме теңіздегі кемелердің жүруіне  қауіп төндіріп тұр. 40 жылдан бері су астында жатқан соң, бұл экологияға да зиян. Браконьерлерді қуып жүрген шекарашылар бірнеше рет су астындағы кемелерге соғылып, апатқа ұшырай жаздапты.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін жарамсыз кемелерді жоюмен айналысатын фирмалар банкротқа ұшырайды. Содан бері 60-қа жуық ірілі-ұсақты су көліктері Каспий теңізінде шіріп жатыр. Оның біразы су астына кеткен. Енді бірі мынадай болып жартылай суға батып жатыр. Олардың қоршаған ортаға зияны қандай? Ауаны қаншалықты ластап жатыр? Жалпы бүгінгі жағдайы қандай? Онымен нақты айналысып жатқан ешкім жоқ.

Ескі кемелердің біразы Түпқараған бұғазында, енді бір бөлігі жағалаудан 60 шақырым қашықтықта су астында жатыр. Балықшылар бұл жерді «Кемелер моласы» деп атап кеткен. Мұндағы су көліктері әсірес шекарашылардың қызметіне кедергі келтіруде. «Жағалау күзетінің» қызметкерлері браконьерлерді қуып жүріп, бірнеше рет апатқа ұшырай жаздапты. Осыдан екі жыл бұрын кезекті рейд кезінде шекарашылар катері су астындағы баржаға соғылып, суға батып кетті. Шекарашылар дер кезінде құтқарылып, аман қалған.

Әлібек Қайыпов, ҚР шекара қызметі «Жағалау күзеті» өңірлік басқармасының басшысы:

-Осы жағдайдан соң бұл маңға жақындауға тыйым салынған. Мұны браконьерлер біліп алған. Олар бірден осында қашып, тығылады. Жасырынып, ау салуға ыңғайлы болған соң, бекірені де осында аулайды. Біз міндетімізді атқару үшін көп жағдайда басымызды қатерге тігіп, қауіпті аймақты шапшаң катерлермен басып өтуімізге тура келеді.

Ескі кемелерді су түбінен көтеріп, жағаға шығару ісі Инвестициялар және даму министрлігіне тапсырылған. Жауапты сала мамандары бұл аймаққа толық зерттеу жұмыстарын жүргізіп, теңізде 36 кеменің жатқанын анықтаған.

Нұрбол Ерманов, Ақтау және Баутино порттарының теңіз әкімшілігі басшысы:

-Кемелердің батқан орындары анықталып, бұл жұмыстар енді 2019-2020 жылдарға жоспарланып отыр. Мемлекеттен қаржы бөлініп, осыған байланысты барлық іс-шаралар 2019-2020 жылдарға жоспарлануда.

Кемелерді судан шығару жұмыстары аяқталғанша шекарашылардың тәуекелге баруларына тура келеді. Қауіпті аймақ зерттелгенімен, ол жерлер теңізшілердің картасына түсірілмеген. Сондықтан да шекарашылар Қорғаныс министрлігіне қарасты арнайы қызметтен кеме жатқан жерлерді белгілеп беруін сұрайды.

«Бұл су көліктерін теңізден шығарғанша кеме қатынасына төнген қауіптің алдын алатын жалғыз амал», - дейді теңіз сақшылары.   

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Саламат Бекбаев

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!