Қарулы Күштерде 2020 оқу жылы «Әскери қызметтің қауіпсіздік жылы» деп жарияланды

22:30, 29 мамыр 2020
909

Қорғаныс министрлігінің алқа отырысы әскери басшылықтың, Қорғаныс министрлігі мен Бас штабтың құрылымдық бөлімшелері басшыларының, бригада, полктер, авиациялық базалар, қоймалар командирлерінің, жергілікті әскери басқару органдарының, әскери оқу орындарының, әскери полиция органдары мен сержанттық құрам бастықтарының қатысуымен селекторлық режимде өтті.

Алқа кеңесін аша отырып, Қорғаныс министрі оқу жылының қысқы кезеңінің қорытындысы бойынша әскерлерді даярлау, жауынгерлік кезекшілік, әскери тәртіп, құқықтық тәртіп пен әскерлер қызметі, әскери қызметтің қауіпсіздігі және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жай-күйі мәселелерін атап өтті. Тиісті баяндаманы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары-Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Мұрат Бектанов таныстырды.

Оқыту ерекше жағдайда, атап айтқанда Қазақстанның барлық аумағы бойынша төтенше жағдай режимінде өткізілді. Қарулы Күштер бөлімшелері бүкіл ел бойынша мыңдаған шақырым жолдар мен объектілерге дезинфекция жүргізді, блок-бекеттерде қызмет атқарды, патрульдеу жүргізді, жүздеген отандастарды эвакуациялады және шет елден гуманитарлық көмек әкелді. 

Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев Төтенше жағдай режимі алынғанымен, вирустың таралу қаупі әлі де жоғары екенін еске салды. 

Бүгінгі күні Қарулы Күштер дезинфекциялау жұмыстарын жүргізуді жалғастыруда. Санитарлық-эпидемияға қарсы іс-шараларды қамтамасыз ету бойынша жергілікті атқарушы органдарға көмек көрсету мақсатында шұғыл түрде 16 санитарлық өңдеу тобы құрылды, ал 2020 жылдың 25 мамырынан бастап әскерде арнайы өңдеу құрама жасақтарының бөлімдері мен бөлімшелерінің инфекциямен күресуінің екінші кезеңі басталғаны туралы жарияланды.

Қарулы Күштердің коронавирустық инфекцияға қарсы күрес шараларына ауқымды қатысуына қарамастан, жауынгерлік даярлық сабақтары жалғасуда.

Қорғаныс ведомство басшысы Бас штабқа әскер түрлері мен тектері, өңірлік қолбасшылықтардың, құрамалар мен әскери бөлімдердің офицер операторларының біліктілігін арттыру курстарын өткізу тәжірибесін жалғастыруды тапсырды. Әскери басқару органдарының дайындығын талдау офицерлердің дайындық деңгейіне бұл оң әсер ететінін көрсетті. Жедел даярлық іс-шараларын өткізуді көбейтудің арқасында жақсы нәтиже қамтамасыз етілген.

Әскери қызметшілерді оқыту үшін жаңашылдық енгізілуде. Әскерлердің күнделікті тіршілігінен алынған нақты оқиғалар негізінде қалыптасқан жағдайлық кейстер қарасытырылған, оқу модульдері әзірленді.

Оқу модульдері Қарулы Күштердің бөлімдері мен бөлімшелеріне бағытталатын болады. Бұл әскери қызметшілерді мемлекеттік-құқықтық, кәсіби даярлық және жеке құраммен ақпараттық-тәрбие жұмысы жүйесінде оқытудың осындай форматын пайдалануға мүмкіндік береді.

Қарулы Күштерді цифрландыру, әскерлерді басқару жүйесін автоматтандыру және оларды қазіргі заманғы қару-жарақ пен әскери техникамен жарақтандыру жөніндегі жұмыс ерекше бақылауда. 

Алқа отырысы барысында әскери полиция бас басқармасының бастығы полковник Бауыржан Лекеров қысқы оқу кезеңдегі әскери қызмет қауіпсіздігі басқармасының жұмысын қорытындылады

2020 оқу жылы «Әскери қызметтің қауіпсіздік жылы» деп жарияланды. Министр инфрақұрылым объектілерін әскери қызмет қауіпсіздігі тәуекелдерінің бар болуы тұрғысынан тексеруді жалғастыруды, сонымен қатар «тәуекелдерді басқаруды» енгізуді тапсырды.

Маусым айында жеке құрамның тамақтану объектілерінің санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы тексеріледі. 

Осы мәселелер контекстінде сақтау объектілеріндегі өртке қарсы және диверсияға қарсы қауіпсіздік үшін жағдай жасауға, қару мен оқ-дәрілерді қауіпсіз сақтауға, арсеналдардың, базалар мен қоймалардың инфрақұрылымын жетілдіруге және дамытуға үлкен көңіл бөлінеді. Бұл жұмыс әзірленген кешенді жоспарға сәйкес жалғасуда.

Қысқы кезеңде әскерлерді материалдық-техникалық қамтамасыз ету туралы баяндамада Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Бақыт Құрманбаев ағымдағы жылдың соңына дейін Қарулы күштерге 343 бірлік жаңа қару-жарақ пен әскери техника түсетінін айтты. 176 бірлік қару мен техниканы жөндеу және жаңғырту жоспарлануда, 27 миллионнан астам артиллериялық және атыс оқ-дәрілерін кәдеге жарату көзделген.

Қарулы Күштердің жауынгерлік дайындығы мен күнделікті іс-шараларын орындауды қамтамасыз ету, Төтенше жағдай режимін сақтау, ТЖ салдарын жою үшін Арыс қаласына 3 211 бірлік қару-жарақ пен әскери техника тартылды.

Қазақстанда қалыптасқан жалпы экономикалық жағдайда Қарулы Күштер бюджет қаражатын, моторесурсты және оқ-дәрілерді үнемді жұмсау қажет.

ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Тимур Дәндібаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысты қорытындылай келе, 2019 жылы ҚР Қарулы Күштеріндегі сыбайлас жемқорлық қылмыстарының саны 2018 жылмен салыстырғанда 65%-ға төмендегенін хабарлады.  

Сенім телефондары, жасырын сауалнамалар, азаматтарды қабылдауды жүзеге асыратын «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жұмыс істеуімен әскери ортада сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті жаппай қалыптастыру жалғастырылуда. Ол жерде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықтау және оларды төмендету бойынша шаралар пысықталуда. Қорғаныс министрлігінің сайтында арнайы сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа айдар жандандырылды. 

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен ынтымақтастық туралы меморандум шеңберінде ақпарат алмасу, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды бірлесіп анықтау және алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Меморандум аясында 2020 жылдың қаңтар-сәуір айларында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған 2967 іс-шара өткізілді: 2137 жеке әңгімелесу, әскери бөлімдерде 710 сабақ, 47 кеңес, 39 дөңгелек үстел, 34 БАҚ-та жарияланым.

Жергілікті әскери басқару органдарында сыбайлас жемқорлықты болдырмау үшін мемлекеттік қызметтер тізіліміне әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру және одан босату туралы ұсыныс енгізілді. Бұл қызметтер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қатысуынсыз электрондық үкімет порталы арқылы «Е-лицензиялау» көмегімен көрсетіледі деп күтілуде.

Алқа отырысының қорытындысы бойынша Қорғаныс министрі 2020 жылғы 4 мамырда шассидің алдыңғы тіреуінсіз С-295 әскери-көліктік ұшағын қондырған әскери қызметшілерге мемлекеттік наградаларды тапсырды. Әуе кемесі экипажының сауатты іс-қимылының арқасында «Жетіген» әуеайлағына шассидің алдыңғы тіреуінсіз қондырған олар, жеке құрамның өмірі мен денсаулығын ғана емес, сонымен қатар әуе кемесінің жарамдылығын да сақтай алды.

Қазақстан Республикасы Президенті - Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысының Жарлығымен Әуе кемесінің командирі майор Жеңіс Зайнулдинов және командирдің көмекшісі капитан Аблай Ибраев ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, борт-инженер майор Кәрім Пахирдинов және борт-механик прапорщик Игорь Карабец «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.

 


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!

Пікір