«Қария» телехикаясының түсірілімі басталды

23:00, 21 сәуір 2017

Қариясы бар елдің қазынасы бар. Сол қазынамызға лайықты құрмет көрсете алып жүрміз бе? Жуырда «Хабар» Агенттігінің» тапсырысы бойынша Алматыда «Қария» атты телехикаяның түсірілімі басталды.

Бұл телехикаяда әке мен бала арасындағы қарым-қатынас арқылы бүгінгі қоғамдағы келеңсіз жәйт бейнеленеді. Фильмнің кейіпкері Ербол егде тартқан әкесінен бас тартады. Сол себепті картинаның бірнеше көрінісі қарттар үйінде түсірілген. 

Досжан Жанботаев, Қазақстанның халық әртісі:

-Бірін-бірін сыйламау. Телехикая адамдардың арасындағы қарым-қатынастың, адамилық пен адамгершіліктің неліктен жоғала бастағаны туралы сұраққа жауап беретін сияқты.

Телехикаяда Бауыржан Қаптағай, Ерболат Тоғызақов, Гүлнәр Байбосынова және Алмас Шаяхметов сынды актерлер ойнайды. Кейбір эпизодтық рольдер мен көпшілік көріністерге қарттар үйінің тұрғындары тартылған.

Мұқаш Жадықов, №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының тұрғыны:   

-Мен киноға түсу туралы жасымнан армандап едім. Тағдырдың тәлкегімен өмірде неше түрлі жағдай болғандықтан, бұл арманым орындалмай қалған еді. Енді мына телехикаяда мүгедек ақсақалды сомдаймын.

Фильм идеясының авторы және режиссері Асқат Мұсабай. Бұл жас режиссердің дебюттік жұмысы болды.   

Асқат Мұсабай, «Қария» телехикаясының режиссері:

-Тақырып жағынан өте ауыр телехикая болайын деп тұр. Адамға ой салады. Біздің мақсатымыз осы картинаны көргеннен кейін ең кемі бір отбасы болсын, өзінің әке-шешесін қарттар үйіне апару ойынан бас тартса екен. Соның өзі біз үшін үлкен жетістік болар еді.

Түсірілім жұмыстары екі айға созылады. Жоба авторларының айтуынша, туынды 12 сериядан тұрады. «Қария» телехикаясы «Хабар» арнасынан күзде көрсетіледі.   

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Мұхит Құдықбаев

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!