Қарағандыда полиция 33 жыл бұрынғы қылмысты ашты

14:24, 21 қыркүйек 2017

Қарағандыда полицейлер екі әйелді өлтірген қылмыскерді 33 жылдан кейін ұстады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.

ҚазКСР ІІМ милиционерлері 1984 жылдың 5 шілде күні бір пәтерден екі әйелдің денесін тапқан - 23 және 26 жастағы қыздар ішімдік ішкеннен кейін пышақталған. «Милиция қызметкерлері оқиға орнынан 11 саусақ ізін тапқан. Оның тоғызы ұқсас болып шықса, екі саусақ ізі анықталмаған», - деп хабарлады Қарағанды облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің басшысы Бақытжан Құдияров.

Бұл саусақ іздері 33 жыл бойы базада сақтаулы тұрған. Полицейлер әр қылмыскерді ұстаған кезде салыстырып отырған, алайда ешбірімен сәйкес келмеген. Таяуда полицейлер қылмыс жасаған күдіктіні қолға түсіріп, оның саусақ іздерін алған.

«Полицейлер 33 жыл бұрынғы саусақ іздерімен салыстырып, күдіктінің саусақ іздерімен сәйкес келетіндігін анықтады. Ол уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды», - деді Бақытжан Құдияров.

Қылмыс жасаған кезде әлгінің жасы 23-те болған. Ол 26 жастағы әйелдің үйінде қонақта болғанын, ішімдік ішкеннен кейін араларында жалжал шығып, оның 23 жастағы құрбысы мен пәтер иесін өлтіргенін мойындады. Оқиға орнынан ізін суытып, пышақты лақтырып жіберген. ҚР ҚК 33-бабы 2-бөлімі бойынша қылмыстық іс қайта өндіріске қабылданды.

Фото: www.hjonline.ru

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!