Қарағандыда балалар алаңында 12 жастағы оқушының үстіне темір әткеншек құлады

22:55, 8 қазан 2025

© Сурет: pixabay

Қарағандыда жаңа балалар алаңында 12 жастағы оқушының үстіне темір әткеншек құлап, ол жарақат алды, деп хабарлайды Zakon.kz.

КТК телеарнасының хабарлауынша, оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Бала әткеншекте отырған басқа баланы итеріп тұрған сәтте металл құрылғы аударылып, оның үстіне құлаған.

Жасөспірімнің бұғанасы сынған, дәрігерлер оған ота жасап, сынған сүйекті арнайы пластинамен бекіткен. Емдеу және оңалту процесі шамамен сегіз айға созылады.

Зардап шеккен баланың анасы әткеншекті сапасыз орнатқан деп есептейді. Алайда мердігер компанияның өкілдері конструкцияның мұндай қатты тербелуге арналмағанын айтып, баланың өзі де кінәлі болуы мүмкін деген пікір білдірген. Қазір оқиға үшін кім жауап беретіні белгісіз. Белгілісі — алаңның кепілдік мерзімі әлі біткен жоқ, сондықтан компания құрылғыны жөндеуге уәде берді.

"Егер әткеншек сәл ғана басқа бұрышпен құлағанда, баламның басына тиіп кетер еді. Не боларын елестетудің өзі қорқынышты. Бұл – балалар ойнайтын алаң. Сондықтан құрылыс компаниялары мұндайды аса жауапкершілікпен қарауы керек. Бұл – әзіл емес, бұл балалардың өмірі", - деді зардап шеккен баланың анасы Лариса Райым.

Ал Әлихан Бөкейхан ауданы әкімдігі мамандары ата-аналарды балаларының қауіпсіздігіне мұқият болуға шақырды.

"Әр ойын алаңының элементі белгілі бір жас пен салмаққа есептелген. Балалардың жарақат алмауы үшін ата-аналар оларға көшеде өзін қалай ұстау керектігін түсіндіріп, бақылап отыруы қажет", - деді аудан әкімдігінің бас маманы Қуаныш Базарбаев.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!