Қандыағаштағы жалғыз базар түгі қалмай өртеніп кетті

15:20, 19 қаңтар 2021
365

Ақтөбе облысындағы Қандыағаш қаласында алапат өрт болып, сауда орталығы түгі қалмай жанып кетті. Енді тауары күлге айналған саудагерлер көмек сұрайды, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Таңғы сағат алтылар шамасында басталған өртті құтқарушылар 4 сағат бойы сөндірген. Кірпіштен қаланған ғимараттың тек қаңқасы қалыпты. Абырой болғанда адамдар дін аман. Ал базардағы тауар түгел күлге айналған.

Саудагерлер үйінді арасынан заттарын іздеп әлек. Бірақ, бәрі де іске алғысыз. Қыруар шығынға батқандарын айтады.

Анарбек Қостан, тұрғын:

Жалғыз мен емес, әрбір бутиктен 1,5 млн, 2 млн-дай зардап болды. Мына базардың әкімшілігінен сұрап едік қандай көмек бар деп бізге, онымен олар айтып тұр тегін орын береміз дейді 2-ші қабаттан. Бірақ, ол тегін орынға немен барып тұрамыз біздер? Не сатамыз? Затымыздың бәрі өртеніп кетті семьяны асырап отырған. Жалғыз мен емес, барлығында ондай ақша жоқ.

Базардан орынды жалға алғандар негізінен киім-кешек, шаруашылық бұйымдарын сатқан. Көбісі- күнкөрістің қамы деп тауарды несиеге алыпты. Енді әрі қарай не істерлерлерін білмей дал.

Гүлсім Ізімова, тұрғын:

3 млн теңгенің заты кетіп қалды. Жақында еще обновка жасап едім, "Народныйдан" кредит алып. Бәрі кетті, ештеңе қалмаған, міне. Басқа дым жоқ.

Қандыағаш тұрғындары "Сары базар" атап кеткен нысанның аумағын қызыл жалын түгел шарпыған. Бір қабатты ғимараттың неден өртенгені белгісіз. Саудагерлер бірер күн бұрын базарда дәнекерлеу жұмыстары жүргізілгенін айтты. Ал өрт сөндірушілер себебін айту үшін арнайы сараптама қорытындысын күтпек.

Нұрхат Қалдыбаев, облыстық ТЖД басқарма басшысының орынбасары:

Оқиға орнында зерттеу сынақ зертханасы жұмыс жасауда. Өрттің шығу себебі анықталуда. Ғимараттың жалпы алаңы 900 шаршы метр. Өрт 8 сағат 20 минутта шектелді, 10 сағат 25 минутта толық жойылды. Өрттің жалпы ауданы – 700 шаршы метр.

Аудандық әкімдіктегілер базар сатушыларын жәрдемсіз қалдырмаймыз деп отыр. Арнайы жұмыс тобы құрылыпты. Әрқайсысының шығынын есептейтін болады.

Ғалым Қобландин, Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары:

62 адамның келісім-шарты бар екен. Солар бойынша қазір жұмыстар жүргізіліп жатыр. Шығындары есептеліп. "Алан" базарының әкімшігімен келісімдер жүргізіліп жатыр, осы базардың алаңынан ол кісілерге, зардап шеккен адамдарға тегін сауда нүктелерін беруге дайын. Алдағы уақытта оның барлығы заң талабына сай шешілетін болады.

Әкімдіктегілер зардап шеккен әр тұрғынмен жеке жұмыс істейтіндіктерін айтты. Ал базардағы өртке қатысты "Бөтеннің мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру" бабы бойынша іс қозғаған.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!