Қаламқас қайда? Көкшетауда спорт мектебінен шу шықты

22:43, 28 қазан 2021
80

© Сурет: pixabay.com

Көкшетау іргесіндегі Балуан Шолақ атындағы Ұлттық спорт мектебінің жаттықтырушылары жоқ іздеп, шу шығарды. Олар директордан асыл тұқымды Қаламқас есімді жылқыны тауып беруді талап етуде, деп хабарлайды Zakon.kz.

Наразы қызметкерлердің айтуынша, Мақсат Әзбаев төрт ай бұрын басшы болып келгелі еститіні балағат. Әбден мезі болған ұжым мектептегі бар былықты жайып салды, делінген КТК жаңалықтарында.

- Боқтайды, балағаттайды.Менде де намыс бар ғой.

- Кетсін, бар талабымыз сол: өз еркімен кетсін!

Осылай деп директордың кабинетіне баса-көктеп кірген жаттықтырушылар басшыдан көрген құқайын айтып бетіне басты. Ұлттық спорттың 10 түрімен айналысуға тиіс мектепке жаңа директор келгелі жұмыс алға баспаған. Өйткені ол өзімен бірге 25 бас жылқысын да ала келді дейді. Серіктестік құрып, қызметкерлерге шөп шапқызып, атбегілерге ат баптатып қойғаны жандарына әбден батыпты. Ұлттық спорт мектебінде бұған дейін талай бәйгеге шапқан тұқымы асыл аттардың құр сүлдері қалған. Ат бапкерлері: "Бұдан әрі мұндай қорлыққа шыдай алмаймыз", - дейді. Айтуларынша, бар азық – жем-шөпті директордың биелері жейді екен.

"Директордың биелері" деп тұрғаны – мектеп ішінде құрылған жеке серіктестік. Ондағы жылқыларды серуендеуге кез келген адам жалға ала алады. Бірақ шетінен құлынды бие болғандықтан жалдап жатқан жан жоқ екен. Бәрінен бұрын көрген көз сүйсінетін Қаламқастың бір түнде зым-зия жоқ болуы олардың ашу-ызасын тудырған. Сөйтсе өлген малдың орнына Қаламқас атты жылқыны актілеп, біреулерге тірідей артып жіберген. "Жалған құжат жасауға мені мәжбүрледі", - дейді мал дәрігері.

- Қаламқас жоқ. Оны алып кетті. Шынында Сағым деген бие өлген. Бастық айтты, Сағымның орнына Қаламқасты өткізіңдер деп.

Екі иығынан дем алып ашуға булыққан басшының ақталғанына қарамағындағылар қараған жоқ. "Қаламқасты бір көлік артып алып кетті" деп тұр. Бәрінен бұрын директордың кабинетінде екі кісілік төсектің тал түсте жаюулы тұрғаны көзге оғаш көрінді. Осы мекемеде тұрып жатқан басшы тоғызқұмалақ кабинетіне бар дүние-мүлкін жиып қойған. Десе де директор өзіне шаң жуытпады.

Мақсат Әзбаев, спорт мектебінің директоры:

- Маған пәле жауып жатыр. Шынымды айтсам, мен негізі принциппен істеймін. Мен жұмысқа келдім. Төрт айда осы жігіттер бір жаттығу көрсеткен жоқ. Боқтаған жоқпыз. Бізде 37 жаттықтырушы бар. Соларды бәрін нетіп, маскаларын шештік. Сол жерде маскалары шешілді. Кім қалай жұмыс істейтіні.

Директор өзіне жаттықтырушылардың өштесіп алғанын айтады. Ал Қаламқас деген жылқы арам қатты дейді. Алайда бұған сенбеген қызметкерлер құзырлы орындарға шағым түсірмекші.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!

Пікір