Қайрат Қожамжаров: Қылмыстың төмендеу үрдісі жалғасуда

14:15, 18 қаңтар 2019
631

Бас прокуратурада алқа отырысының кеңейтілген отырысы өтті. Отырысқа Президенттің көмекшісі - Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Ғабит Байжанов қатысты. Бұл туралы zakon.kz, Бас прокуратураның баспасөз қызметі берген ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.

Өз сөз сөйлеуінде Бас Прокурор Қайрат Қожамжаров қадағалау органының қызметі Мемлекет басшысының қылмыстық-құқықтық саланы ізгілендіру және жаңғырту, еліміздегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, құқық қорғау қызметін цифрландыру жөніндегі тапсырмаларын орындауға бағытталғанын атап өтті.

2018 жылы тәуелсіздік жылдарында алғаш рет қылмыстық процестің ең төменгі репрессивтік деңгейін көрсетті.

Ұсталғандар мен қамауға алынғандар 4 есеге (тиісінше 43 мыңнан 10 мыңға және 38 мыңнан 9 мыңға) азайды. Бас бостандығынан айыруға сотталғандар 5,5 есеге (40 мыңнан 7 мыңға) азайды.

Жаңа реформалар криминогендік ахуалды нашарлатқан жоқ. Қылмысты төмендету үрдісі сақталуда. Ол 8%-ке (316 мыңнан 292 мыңға), ал ауыр және аса ауыр түрлері 19%-ке (26 мыңнан 21 мыңға) азайды.

Сонымен бірге, Бас Прокурор қылмыстық процеске қатысушылардың құқықтарын бұзумен байланысты құқық қорғау органдары қызметінің жекелеген кемшіліктеріне назар аударды.

2018 жылы прокурорлар заңсыз ұсталған 766 азаматты босатты, бұл 2017 жылғы көрсеткіштен 3,5 есе көп.

Тергеу органдары 400-ге жуық қылмыскерді жауаптылықтан жалтартқан. Тергеудің рұқсат етілмеген әдістері, кінәсіз адамды қасақана жауапқа тарту, азаптау және билікті асыра пайдалану фактілері бойынша 348 қылмыстық іс тергелді.

Қылмыстық қудалау органдарының кемшіліктерін атап өтіп, Қ.Қожамжаров прокурорлардан: «Қылмыстық процесте азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуын мүлдем жою, азаптауға және азаматтардың жеке өміріне заңсыз араласуға жол бермеу бірінші маңыздылықта болуы тиіс» - деп, заңдылықты қамтамасыз етуді талап етті.

Қоғамдық мүдделерді қорғау саласында прокурорлар еңбек, жер және тұрғын үй қатынастары, халықты еңбекпен қамту, білім беру, тариф саясаты мәселелері бойынша бірқатар маңызды тексерулер жүргізді.

Прокурорлардың актілерімен мемлекетке 34 млрд теңгенің орны толтырылып, 21 млрд теңгеге мүлік қайтарылды. 2,4 млрд теңгеге еңбекақы берешегі өтелді.

Мемлекет қорына 7 млрд теңгеге жер учаскелері қайтарылды. 21 млрд теңгеге халыққа өтемақысын төлетумен электр энергиясы мен жылу тарифтері азайтылды.
Қабылданған шаралармен шамамен 140 әлеуметтік шиеленістің алдын алды.

Көлік прокурорларының күші авиация, темір жол және автомобиль көліктері саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге шоғырланды. Осы бағытта мемлекет мүддесіне 6,4 млрд теңгеге ірі материалдық залал келтірудің жолы кесілді.

Профилактикалық шаралармен әскери саладағы қылмыстылық 12%-ке азайды.

Прокурорларға үстіміздегі жылы азаматтарды ақысыз медициналық көмектің кепілдендірілген көлемімен қамтамасыз ету, газ және сумен жабдықтаудың тарифін белгілеу, халықтың әлеуметтік-қауқарсыз тобы – балалар, мүгедектер, зейнеткерлер мен басқаларының құқығын қорғау салаларындағы заңдылықты сақтау мәселесін тексеру тапсырылды.

«Біздің әрбір тексеруіміздің нәтижелері халық тұрмысының сапасын арттыруы және әлеуметтік проблемалардың алғышарттарын шешуі тиіс», - деп атап өтті Қайрат Қожамжаров.

Сондай-ақ, алқа отырысында Бас Прокурор Құқық қорғау органдары академиясына Елбасының құқық қорғау қызметіне кадрларды дайындаудың жаңа моделін енгізу бойынша қойған міндетін орындауды тапсырды.

Сонымен қатар, құқық қорғау қызметін автоматтандыру нәтижелері талқыланды. 2018 жылы электрондық форматта 15 мыңнан астам теріс қылықтар және онша ауыр емес қылмыстар туралы қылмыстық істер тергелді.

Бас Прокурор тергеу органдарын ауырлығы орташа қылмыстарды электрондық тергеуге кезең-кезеңмен көшу және барлық өкілетті органдарда «Е-әкімшілік іс» жүйесін енгізу қажеттігін атап өтті.

Мәжіліс қорытындысы бойынша бірқатар тапсырмалар беріліп, сондай-ақ 2019 жылға қадағалау органы қызметіндегі жаңа міндеттер мен басымдықтар айқындалды.


Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!