Қайрат Боранбаевқа қатысты қозғалған іс бойынша тергеу аяқталды

19:51, 30 қыркүйек 2022

© Сурет: Zakon.kz

Қаржылық мониторинг агенттігі Қайрат Боранбаев пен оның сенімді адамы Нахановқа қатысты істі тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Сондай-ақ тергеу амалдары аса ірі көлемде мемлекет қаржысын жымқырды және ақшаны жылыстатты деп күдікке ілінген "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ Басқарушы директоры Ибулла Серді мен "QazaqGaz" ҰК" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Жанұзақ Тайырға қатысты да жүргізілді.

Сонымен, олар 2019 жылы бақылаудағы "Азиягаз Чунджа" ЖШС арқылы газды жеткізу кезінде QazaqGaz (бұрынғы ҚазТрансГаз) ұлттық компаниясының қаражатын жымқырудың қылмыстық схемасын жүзеге асырған.

Ұрланған 14,5 млрд теңге көлеміндегі қаражат кейіннен заңды кәсіпкерлік қызметтен дивиденд ретінде бөлу және төлеу желеуімен заңдастырылған.

Осылайша, күдіктілер жасалған заңсыз операциялардың шын мәнін жасырған.

Тергеу барысында келтірілген шығын толық көлемде өтелді. Сонымен қатар, 38 миллиард теңге қолма-қол ақша мен 4,2 миллиард теңгенің жылжымайтын мүліктері тәркіленді.

Осы бөлім бойынша тергеу аяқталды, материалдар процеске қатысушыларға таныстыру үшін берілді.

Сонымен бірге, Австрия, Латвия, Люксембург, Молдова, Тәжікстан, Біріккен Араб Әмірліктері және Эстониядан заң аясындағы көмегінің нәтижесі келмегендіктен, Боранбаевтың заңсыз әрекеттерінің басқа эпизодтары бойынша тергеу жалғасуда.

Сонымен қатар, агенттік заңсыз кірістерге сатып алынған шетелдік активтерді анықтау және бұғаттау жұмыстарын жүргізуде.

Шетелдік әріптестерден материалдар келіп түскеннен кейін тиісті құқықтық баға беріледі.

Айта кету керек, 2010 жылдан бері Боранбаевпен еншілес компаниялар Қазақстанда өндірілген газдың едәуір бөлігін шетел шоттарында кіріс шоғырлануымен экспорттаған. Бұл әрекеттер ұлттық мүддеге қайшы жасалды.Тергеу жұмыстарының нәтижесінде, биылдан бастап жылдық құны 440 млн АҚШ долларынан асатын (207 млрд теңге) қазақстандық газдың көрсетілген көлемі ел ішіндегі тұтынушыларға және мемлекеттің экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!