Ішкі істер органының 81 жастағы құрметті ардагері отбасылық құндылықтар туралы айтты

11:52, 10 желтоқсан 2019

Саналы ғұмырын ішкі істер органдарына арнаған 81 жастағы милиция подполковнигі Өмірзақов Егеубек Шүрекұлы Алматы облысының орталығындағы ҚР ІІМ Ұлттық Ұланы 5514 әскери бөлімінің сарбаздарымен кездесті. Кездесуге отбасы құндылықтары, ішкі істер органындағы қызмет және өзін-өзі күту әдістері тақырыптары арқау болды, деп хабарлайды zakon.kz.

Е.Өмірзақов ішкі істер органына 1968 жылы қызметке келіп, тергеуші, жедел уәкіл, учаскелік полиция инспекторы, бастықтың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, кеңсе қызметінің бастығы лауазымдарын атқарған. 1994 жылы милиция подполковнигі шенінде зейнетке шығып, Алматы облысының Полиция департаменті жанындағы Ардагерлер кеңесінде бүгінгі күнге дейін қызмет атқарып келеді. Полиция қызметін дамытуға, жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне қосқан сүбелі еңбегі үшін Егеубек Шүрекұлы ішкі істер органдарының Құрметті ардагері атанды.

Облыстық Полиция департаментінің ақпаратына сәйкес, келелі кездесу "Зорлық-зомбылықсыз 16 күн" акция шеңберінде Жергілікті полиция қызметі мен Кадр саясаты басқармаларының ұйымдастыруымен өткізілді.

"Өте маңызды кездесу болды. Жастар көкейінде жүрген сұрақтарын қойды. Ұлан сарбаздары қызығынан қиындығы көп қызметтері мен отбасын құру, оны қалай құрметтеу, жар таңдау мен бала тәрбиелеу, туған-туыстың арасында құрметке ме болу тақырыптарын қозғап, ой бөлістік. Жастар бойындағы жалын мен патриоттық сезім қуантты", - деді жарты ғасырдан астам уақыт ішкі істер органында қызмет атқарған ардагер.

Сонымен қатар, Өмірзақовтар әулетінде ішкі істер орган қызметкерлері көп. Егеубек атамыздың қарындасы Раушан Шүрекқызы - ІІО зейнеткері, Асан Егеубекұлы "әке көрген оқ жонар" деп, полицияда қызмет етіп, ол да подполковник шенінде зейнетке шықты. "Ұяда көргенін" іске асыруы тиіс немересі Азамат Егеубеков те тәртіп сақшысы атанып, Талдықорған қалалық полициясының Штаб инспекторы қызметін атқаруда.

"Отанның от басынан басталатынын" айтып, ер жігіттің жетістікке жетуі үшін отбасында құрмет пен түсіністік болу қажеттілігін түсіндірдім. "Үйлену оңай, үй болу қиын" демекші, жастарға кез-келген қиындықта екі жас бірін бірі түсінуі, риясыз сенуі және қолдау көрсетуі қажет. Отбасылық қарым-қатынас махаббат пен сүйіспеншіліктен тұрады", - деп ақыл кеңесін айтты көнекөз қария.

Сонымен қатар, жастардың ардагерге қойған негізгі сұрағы - 81 жасқа келсе де ширақ жүріп, өзін жас сезінуінің сыры еді. Оның еш құпиясы жоқ екенін айтқан ардагер, ең алдымен, денсаулыққа зиян, жат қылықтардан, оның ішінде: темекі, ішімдік пен есірткіден аулақ болу, спортпен шұғылдану, ұзақ жаяу жүру, дұрыс тамақтану, ең бастысы ісіне адал болып, отбасында және қызметтер арасында абыройлы болу деп түйіндеді.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!