Індеттен құтылсақ, азаматтарымыздың ерлігіне ескерткіш қою керек – Тоқаев

13:46, 23 маусым 2020

Бүгінде әлемдегі барлық елдер, соның ішінде Қазақстан да коронавирус індетіне қарсы күрес жүргізуде. Бұл – әрине, өте ауқымды әрі күрделі жұмыс. Осыған орай мемлекет тарапынан теңдессіз шаралар қабылданды, деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "BIZ BIRGEMIZ" жалпыұлттық онлайн-форумында, деп хабарлайды zakon.kz.

Президенттің сөйлеген сөзінен үзінді:

Коронавируспен күресу үшін бюджеттен қомақты қаражат бөлінді. Тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік таратылды. Шағын және орта бизнес өкілдеріне бірқатар жеңілдік жасалды.

Елбасының бастамасымен құрылған "Біргеміз" қорынан да көлемді қаржы бөлініп, мұқтаж жандарға нақты көмек беріліп жатыр.

Бұл жұмысты Нұр-Отан партиясы белсенді түрде жүзеге асыруда.

Осының бәрі бірлігіміздің бекемдігін көрсетеді.

Дегенмен, бұл аса жұқпалы дерт азаматтарымыздың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіріп, халықтың әл-ауқатына нұқсан келтіруде.

Ең алдымен, осы кеселден қайтыс болған адамдардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын.

Сондай-ақ, вирус жұқтырғандардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін.

Осындай күрделі кезеңде барша жұрт жауапкершілік танытудың қаншалықты маңызды екенін түсінді деп ойлаймын.

Әр адам өзінің, туыстары мен жақын адамдарының денсаулығына мұқият болуы керек.

Бұл – қазіргі заманның талабы.

Індетті жеңу – әрбір азаматтың өз қолында.

Бұл, ең алдымен, қарапайым қағиданы ұстанудан басталады.

Бетперде тағып жүру, тазалық сақтау және әлеуметтік қашықтықты ұстану – өте маңызды.

Өйткені, бұл сіздің және өзге адамдардың денсаулығы үшін аса қажет. Тағы да қайталап айтамын: "Сақ жүрсең, сау жүресің", "Сақтықта – қорлық жоқ".

Сондықтан, азаматтарды қорғау үшін біз барлық қажетті шараларды жедел түрде қолға алдық және осы жұмысты әрі қарай жалғастыра береміз.

Мен Құқық қорғау органдарының еңбегін де ерекше атап өткім келеді. Елдегі тәртіп сақшыларына аса маңызды міндет жүктеліп отыр. Қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық полицияның мінсіз қызметіне байланысты. Сіздер күрделі Төтенше жағдай кезеңінен абыроймен өттіңіздер.

Бүгінде карантин шараларының сақталуын қадағалап, бекеттерде қызмет етіп келесіздер. Бұл – оңай жұмыс емес. Тіпті, қоғам өкілдері тарапынан сынға ұшыраған кездеріңіз де болды. Әрине, кәсіби тұрғыдан біліксіздік танытқан полиция қызметкерлері де жоқ емес. Осындай жекелеген жағдайлар бүкіл құқық қорғау органдарының беделіне зиян келтіреді.

Дегенмен, тәртіп сақшыларының басым бөлігі – адал қызмет етіп жатқан азаматтар. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Осы ретте, Ішкі істер органдарының барлық қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен – Полиция күнімен шын жүректен құттықтаймын. Мемлекеттік қызметшілердің және ақ халатты абзал жандардың төл мерекелері құтты болсын! Отан алдындағы сертке берік болғандарыңыз үшін баршаңызға алғыс айтамын.

Сондай-ақ, әскери қызметкерлер, еріктілер, мемлекеттік қызметшілер, қайырымдылық ұйымдарының өкілдері, журналистер және басқа да белсенді азаматтарымыз зор құрметке лайық.

Сіздердің арқаларыңызда коронавируспен күрестің күрделі кезеңдерін еңсеріп келеміз.

Баршаңызды бейбіт күннің батырлары деуге болады. Біз өздеріңізді мақтан тұтамыз. Қажырлы еңбектеріңіз үшін ризашылығымды білдіремін.

Бүгінгі форумда коронавируспен күрестің алдыңғы шебінде жүрген азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіргім келеді. Осыған орай, мен "Халық алғысы" атты арнайы медаль тапсыруды ұйғардым.

Бұл – осындай қиын-қыстау уақытта аянбай еңбек еткен азаматтарға арналған жаңа мемлекеттік марапат.

Осы медаль нағыз Отаншыл жандарға тапсырылады деп сенемін.

Бүгін "BIZ BIRGEMIZ" жалпыұлттық онлайн-форумы аясында осы медальмен бір топ азаматты марапаттаймыз.

Жалпы, пандемияға қарсы науқанға белсенді атсалысқан ел тұрғындары мемлекеттік наградалармен марапатталады.

Осы індеттен құтылған соң Елордамызда азаматтарымыздың ерлігіне арналған ескерткіш қоюымыз керек.

Барша Қазақстан азаматтарына амандық, игілік тілеймін! Біз міндетті түрде жеңеміз! Себебі, Біз – біргеміз!


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!