«Хабар» арнасында «Ән аға» атты тарихи драма көрермен назарына ұсынылады

21:02, 20 қаңтар 2017

«Хабар» арнасында жаңа телехикая көрермен назарына ұсынылғалы отыр. 21 қаңтардан бастап Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқов туралы тарихи драма көрсетіле бастайды.

Ән өнерінің әйгілі майталманы туралы туынды «Ән аға» деп аталады. 

Қазақтың музыка өнеріндегі шоқтығы биік тұлға Шәмшіні білмейтіндер кемде-кем. Әйгілі сазгер ақын-замандастарының 300-ге жуық өлеңіне ән жазған. 

Қай әнін алсаңыз да, шетінен хит. «Шәмші аға» деген сөздің «Ән аға» деген сөзбен астасып кетуі де сондықтан.

Бала Шәмшінің ролінде Нұрбол Мейрамбаев. Ал жастық шағын актер Дәурен Серғазин ойнайды. 

40 жастан кейінгі өмірін бейнелеу Шәуілдір ауылындағы Мәдениет сарайының қызметкері Мейірбек Қауымбаевқа жүктелген. Түсіру тобы басты рольге актер таңдауға екі ай жұмсапты.

Зәуре Әбдібаева, «Ән аға» телехикаясының кастинг директоры

-Біз барынша соларға ұқсас, солардың образдарын жақсылап тұрып сомдап көрсете алатын кәсіби, тәжірибесі бар әртістерді жинауға тырыстық.

Фильм сценариін Жайық Сыздықов пен Мұхаммед Мамырбеков жазған. Режиссері Жасұлан Пошанов. 

«Вальс патшасын үлкен экранға шығару оңай болған жоқ», – дейді  шығармашылық ұжым.

Дәурен Серғазин, Шәмші Қалдаяқов ролінде

-Көзін көрген, онымен араласқан достары, көп адамдар тірі. Ол кісі елдің есінде, әндерін жақсы біледі. Сондықтан ол кісіні ойнау – үлкен жауапкершілік. Және қиындықтар әрине, бар. Өйткені халықтың көңілінен шығу керек, сенімді ойнау керек. 

 «Ән аға» телехикаясының бірінші сериясын ертең сағат 20.00-де «Хабар» арнасынан көре аласыздар. 4 бөлімді тарихи драма сенбі және жексенбі күндері эфирге шығады. 

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Алмас Сәдуақас, Кенже Амраев

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!