Генерал Кудебаев тікелей эфирде тұрғындармен ашық әңгіме құратын болды

16:48, 23 қазан 2020

Бүгін облыстық Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Серік Кудебаев әлеуметтік желіде онлайн қабылдау өткізіп, тұрғындар көтерген түйткілді мәселелер бойынша тиісті тапсырмалар берді, деп хабарлайды zakon.kz Алматы облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өңірдегі бас полицеймен тікелей эфирде тілдескен Сарқан ауданының тұрғыны Ж. Есіркенова тамыз айында ауласыннан қолды болған велосипедті тауып, күдіктіні құрықтаған жедел уәкіл капитан Асқар Ратов пен учаскелік полиция инспекторы лейтенант Мұқан Абылайдың еңбегін ерекше атап өтті.

Жоғалған дүниеміз табылды. Қызметтеріңізге табыс тілеймін! Балама қуаныш сыйлағандарыңыз үшін рахмет, - деді өз сөзінде жәбірленуші.

Тікелей эфир барысында облыстағы ішкі істер органдарының қызметіне қатысты өзекті мәселелер көтерілді. Оның ішінде облыс орталығындағы жол ережелерін сақтау, Жаркент қаласындағы орталық базар маңындағы автотұрақ, республикалық маңыздағы автожолдардағы жол қауіпсіздігі, полицияға жұмысқа орналасу және тағы басқа көптеген мәселелер көтерілді. Әрбір өтініш бойынша тиісті қызмет басшысын тыңдаған генерал тиісті тапсырмалар беріп, келесі онлайн кездесу барысында есеп беру қажеттілігін атап өтті.

"Проблема болмаса, тұрғындар хабарласпайтыны анық. Әр мәселе бойынша толыққанды шара қабылдамасақ, полицияға деген қандай сенім болады. Сондықтан, көтерілген мәселелерді зерделеп, арыз иелерімен хабарласып, проблема болса, шешу жолдарын қарастырыңыздар! Келесі кездесу барысында бүгін берілген тапсырмалар бойынша тыңдаймын", - деді апта сайын өтетін онлайн кездесуін қорытындылаған полиция генерал-майоры Серік Кудебаев.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!