Элизабет Тұрсынбаева кәсіби мансабын аяқтап, желіде жазба жариялады

09:53, 21 қыркүйек 2021
98

© Сурет: Instagram / elizabetkz

Дарынды қазақстандық спортшы қыз, мәнерлеп сырғанаудың шебері Элизабет Тұрсынбаева кәсіби мансабын аяқтағанын мәлімдеді, деп хабарлайды zakon.kz.

Бұл туралы спортышының өзі Instagram-дағы парақшасында жазып, жантебірентерлік жазбасымен бөлісті.

Элизабет Тұрсынбаева - 2018 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының қатысушысы, жасөспірімдер Олимпиадасының қола жүлдегері, 2017 жылғы Азия ойындарының қола жүлдегері, 2019 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2019 жылғы төрт құрлық біріншілігінде екінші орынның, 2019 жылғы Универсиаданың күміс медалінің иегері.

"Құрметті жанкүйерлерім, мен кәсіби спортшы ретіндегі карьерамды аяқтауды жөн деп шештім. Мұндай хабармен бөлісу мен үшін оңай болмады. Көпшілігіңіз білетін боларсыздар, менің арқам ұзақ уақыт бойы мазалап келеді. Өкінішке қарай, бұл жарақаттым соңына дейін жазылмады, сондықтан толыққанды жаттығу жасау да мүмкін болмай қалды. Өмірімдегі бұл тараудың аяқталуы, әрине жаңасының басталуын білдіреді. Қазіргі уақытта мен Қазақстандамын, жылдың соңына дейін осында жұмыс істеймін, балаларға көмектесемін, шабыттандырамын, өз тәжірибеммен бөлісемін. Мен әрқашан өз елімде мәнерлеп сырғанау спортын дамытқым келетін, міне, ақыры осы сәтке де келіп жеткендеймін. Ата-анама шексіз ризамын, мен үшін жасағандары әрі алда да жасайтындары үшін. Мықты болуыма көмектесіп, әрқашан қолдап келген барлық жанға рақмет. Атап айтқанда, Қызылорда облысының басшылығы, ҰОК, Спорт және мәдениет министрлігіне. Сондай-ақ Тутберидзенің барлық жаттықтырушылар штабына: Этери Георгиевнаға, Сергей Викторовичке және Даниил Марковичке, менімен бірге жұмыс істеп, мансабымдағы тарихи сәттерде маған сенім білдіріп, ең жақсы бағдарламалар арнағаны үшін алғыс айтқым келеді. Жалпы, өзіммен бірге жұмыс істеген барлық жаттықтырушыларға алғыс айтамын. Әрине, енді менде болашақ ұрпаққа бере алатын баға жетпес тәжірибем бар. Халықаралық аренада 2011 жылы алғашқы өнер көрсеттім. Осы турнирден былай қарай тура он жыл өтіпті, қоржынымда 50-ден астам халықаралық сайыс (Азия ойындары, жасөспірімдер Олимпиадасы, Бүкіләлемдік қысқы Универсиада, төрт құрлық чемпионаты, әлем чемпионаттары, Олимпиада және басқа да халықаралық жарыстар), түрлі деңгейдегі 39 медалім бар. 16 жасымнан бастап үлкен спортта жүрдім ... бәрі болды: алғашқы жеңістердің қуаныштары, өкінініш пен жарақаттар. Бірақ, менің қымбатты жанкүйерлерім, осы жылдар бойы сіздер әрқашан менімен бірге болдыңыздар. Өздеріңіздің тілектеріңіз бен қолдауларыңыз маған қанат бітіріп, жаныма дауа болды, әрдайым мен өздеріңізге, еліме керек екенін жақсы сезініп, керемет күш-қуат алып отырдым. Енді алда да өздеріңіздің маған деген сенімдеріңіз әртүрлі салада жаңа белестерді бағындырума көмектеседі деп сенемін, - деп жазды Элизабет қыз.

Тұрсынбаева соңғы рет 2019 жылдың тамызында Шанхайда өткен турнирде бақ сынады, содан кейін ол осы жылдың сәуірінде Қазанда өткен Этери Тутберидзе шоуында өнер көрсетті.

Қазандағы шоуда ол 2019/20 маусымындағы бағдарламаларын көрсетіп, көрермендерге тамаша көңіл-күй сыйлады.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!

Пікір