Еліміздегі шипажайлар жолдамасының бағасы арзандайды

20:00, 21 сәуір 2017

Көп жұмыс істеп, демалысты аңсап жүрген қазақстандықтар үшін жағымды жаңалық. Биылдан бастап, еліміздегі шипажайлардың жолдама бағасы арзандайды. Отандық демалыс орындарындағы емдік-сауықтыру шараларының құны шетелдікінен асып түседі. Осы орайда Ұлттық курорттық қауымдастық шипажайлардың ортақ реестрін жасап, бағаны да қолжетімді етпек. Бұл туралы Президенттің Іс басқармасы медициналық орталығының ұйымдастыруымен Бурабайда өткен «Шипажай-2017» халықаралық ғылыми-практикалық форумында айтылды.

Таза ауа жұтып, мөлдір су қасында тынығып, аз уақытта емделіп шығу. Сауықтырудың бұл шаралары енді қазақстандықтардың қалтасын қақпайтын болады. Отандық ұлттық курорттық қауымдастық қазір еліміздің барлық шипажайларының басын қосып, ортақ реестрін әзірлеп, демалудың бағасын арзандату мәселесін қарастырып жатыр.

Саягүл Қайыргелдина, ҚР Ұлттық курорттық қауымдастық президенті:

-«Ұлттық шипажай» жобасы аясында демалыс жолдамаларының ортақ бағасы реттелетін болады. Қазір олардың ең арзаны күніне 30 мың теңге шамасында болатынын мойындауымыз керек. Бұл қымбат. Қазір шипажайлардың бірыңғай реестрі бекітіліп жатыр. Бұл іспен біз бір жыл айналыстық. Енді бағаны төмендетіп, шипажайдағы демалысты әр қазақстандыққа қолжетімді етуді көздейміз.

Игі бастама Президент Іс басқармасы медициналық орталығының ұйымдастыруымен Бурабайда өткен «Шипажай-2017» халықаралық ғылыми-практикалық форумында айтылды. Қазір елімізде нақты 200-ге жуық шипажай жұмыс істейді. Енді олардың медициналық қызмет көрсету сапасын бағалап, жайлылығына сай санаттарын жіктеп алу қажет. Форумда курорттық демалысты тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі тізіміне енгізу көзделіп отырғаны айтылды.

Валерий Бенберин, ҚР ПІБ медициналық орталығының басшысы:

-«Шипажай» форумы – курорттық және қалыпқа келтіру медицинасы саласындағы ең жаңа жетістіктер ұсынылып отырған санаторийлік-курорттық емдеу, медициналық оңалту, спорттық медицинаның заманауи технологияларын дамытудағы тәжірибемен алмасуға арналған бірегей алаң.

Екі күнге созылған форум аясында 50 жылдық тарихы бар «Оқжетпес» шипажайында биыл ашылған родон қайнары таныстырылды. Оның ерекшелігі әлемде мұндай 500-ге жуық ғана қайнар бар. Су 700-800 метр тереңдіктен алынады. 

Авторлары: Жұрағат Баман, Серік Қоңырбаев

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!