Елена Рыбакина әлемнің үздік топ-50 тізіміне енді

08:56, 17 қыркүйек 2019
288

Қытайдың Нанчанг қаласында WTA International сериясының жүлде қоры 250 мың долларлық турнирі аяқталды. Оған Қазақстан атынан 20 жастағы Елена Рыбакина қатысты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Турнирге төртінші нөмірмен түскен қазақстандық теннисші жартылай финалда корт иесі Пэн Шуайды 6:1, 3:6, 6:2 есебімен жеңді. Матч екі сағатқа созылды. Бұл қарсыластар арасындағы алғашқы кездесу еді. Еске салсақ, Шуай Нанчангта 2014 және 2017 жылдары жеңіске жеткен болатын.

Финалда Қазақстан өкілінің қарсыласы турнирде бесінші нөмірмен тіркелген швециялық Ребекка Петерсонмен кездесті. Ол жартылай финалда сербиялық Нина Стояновичті 6:3, 6:1 есебімен жеңген еді.

Өзінің екінші WTA титулына қарыс қадам қалғанда Елена Рыбакина швед қызынан 2:6, 0:6 есебімен жеңіліп қалды. Бірақ бұған қарамастан, осы турнирдегі сәтті ойынының арқасында жерлесіміз WTA рейтингінде 20 сатыға көтерілді. Қазір Рыбакина 49-шы орынға шығып, әлемдегі ең үздік деген 50 теннисшінің қатарына кіріп отыр.

Жүлде қоры 250 мың долларды құрайтын бұл турнир Қытайдың Нанчанг қаласында 2014 жылдан бері өткізіліп келеді. Оның соңғы бес жылдағы чемпиондары негізінен Қытай қыздары, 2015 жылы әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы, сербиялық Елена Янкович жеңімпаз атанған.

Биыл шілде айында Рыбакина WTA International сериясы аясындағы "Bucharest open" ашық турнирінің чемпионы атанды. Сондай-ақ, 20 жастағы Рыбакина биылғы маусымда алғаш рет "Үлкен Дулыға" турниріне қатысты.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!