Елді шулатқан заң жобасы туралы Бекболат Тілеухан: Байқамай, мақұлдап жіберіппіз

10:37, 21 қаңтар 2021
351

Былтырғы Мәжіліс, бірінші оқылымда мақұлдап жіберген "Отбасылық зорлық-зомбылық" туралы заңнама қоғам арасында шу шығарды. Өзгерістер, көптің көңілінде күдік тудырды. Наразылық танытып, депутаттарды сынайтындар көбейді. Жаңа Заң жобасында ақылға қонымсыз баптар кездесетінін депутаттар мойындады. "Заң әлі де қаралады", деп сендірді, деп хабарлайды zakon.kz astanatv.kz-ға сілтеме жасап.

Жаңадан сайланған депутаттар жұмысына кіріспей жатып бастары дауға қалды. Былтыр, бірінші оқылымда мақұлданып кеткен заң Мәжілісті жерге қаратты. "Бұл алдыңғылардың қателігі", деп ақталды су жаңа депутаттар. Қалай болғанымен көпшілік бұл заңды аямай сынады. "Жылдар бойы қалыптасқан қазақи құндылық далада қалды", дейді белсенділер. Елдің қытығына тиген тұстың бірі - киелі "ата-ана" сөзінің "асыраушыға" айналуы. Тағы бір түсініксізі баланың әке-шешесіне шағымдана алуы. Ес білмеген баланың сөзі ата-ана сөзінен салмақты болып шыға келді.

"Мысалы, заң ішімдік ішіп, отбасына зияны тиіп жүргендерге болады. Бірақ, сүндетке отырғызуға болмайды, бесікке жатқызуға болмайды, бесіктен миы шайқалады,-дейді. Бұл ана мен баланы бір-біріне қарама-қарсы қою! Енді әлі піспеген шикі ғой, мүмкін алып-қашпа әңгіме шығар. Олай бола қоймайды-ау"деп жұрт күпті.

Ал депутаттардың айтуынша, заң жобасы анау айтқандай нашар емес. "Отқа май құйып", жүргендер көп көрінеді. Дегенмен, заңнаманы үңіліп оқымағандарын депутаттар мойындап отыр.

Бекболат ТІЛЕУХАН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

- Бұл мәселеге үңіле алмай қалып, бірінші оқылымда мақұлдап жіберіппіз. Қарсымын, қазір қарсы болып тұрмын.

Даулы Заңды жаңа депутаттар "жарылқаймыз", деп отыр. Жуырда тіпті арнайы жұмыс тобы да құрылатын көрінеді.Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев, "Заң жобасындағы түйткілдер түбегейлі өзгереді", дейді.

Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

- Мен алдыңғы шақырылымдағы заң жобасымен танысқан жоқпын. Қазіргі заң жобасында айтылып жатқан бөлімдердің көбі жоқ. Ал енді біз жаңадан бастаймыз. Міндетті түрде заң әр азаматтың құқығын қорғау үшін жасалатын құжат.

Бұл заңның көптің қытығына тигені сол оны елде еңбектеген баладан бастап, еңкейген қарияға дейін айтып жүр. Бірақ, бекер дүрлігудің қажеті жоқ. Өйткені, Заң жобасы Мәжілістің бірінші оқылымында мақұлданғанымен Сенатқа жеткен жоқ. Яғни, ол әлі де қаралады. Пысықталады, толықтырлады. Жаңа депутаттар, "Халық мүддесіне жауап беретін, заң қабылданады", дегенді айтып отыр.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!