Әкімдік «барахолкадағы» митингке қатысты түсініктеме берді

10:24, 4 наурыз 2021

© Сурет: видеодан алынды

Алматыда "Рахат" базарының саудагерлері наразылыққа шықты. 300-ге жуық кәсіпкер өздері нан тауып отырған сауда орнының жабылуына қарсы. Олардың айтуынша, жергілікті билік бұл орынға жиһаз фабрикасын салуға рұқсат беріпті, деп хабарлайды zakon.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Орнымыздан жылжымаймыз деген сатушылар жаңа иелерімен соттасып жатыр. Алайда сот ісі де сағызша созылды деген олар амалы таусылғанын айтады. «Рахат» базарының саудагерлері таң сәріден «несібемізден айырмаңдар» деп шулады. Барлығының назы бір, мұңы ортақ. Саудагерлерге былтыр әкімдіктегілер базардың жабылатынын хабарлапты. Сол арада сотқа берген наразы жұрт істің сиырқұйымшақталып кеткеніне қапалы.

Ләззәт Көпербаева, саудагер:

- Себебін былай деп айтты: бұл санитарлық аймақ, зират, "қызыл" аймақ, бұл жерге салуға болмайды. Бізге, "ТКМ" ЖШС-не. Ал сонда қараңыз, "СPS" ЖШС-не салуға болады екен, жанағы жиһаз фабрикасын. Сонда қалай? Біреуге салуға болады да, біреуге салуға болмай ма? Сонда біздің мүддеміз қайда қалды? Құқығымызды кім қорғайды? Біз осы ұлтарақтай жерімізбен бала-шағамызды асырап отырмыз.

30 жылдан бері осы жерден нәпақа тауып отырған жандар енді қайда баратынын ойлап бастары қатқан. Соның бірі – Тамара Жұмандықова. Ол "Рахат" сауда орнында көп жыл бойы киім-кешек сатып жанын баққан. Жұмысынан айырылған ол, енді бала-шағасын қалай асыраймын деп, сары уайымға салынған.

Тамара Жұмандықова, саудагер:

- Екі қызым бар. Шынын айтсам, бүкіл отбасын тек мен бағып отырмын. Тағы екі сатушым бар. Олардың да отбасында 3-4 адамнан. Мендей адам көп. Базар жабылып қалса, қанша адам далада қалады.

Жергілікті билік бас көтерушілердің базынасына бас ауыртпайтын секілді. Өйткені сауда дүңгіршектері тұрған жер әлдеқашан фабрика салатындарға жалға беріліп қойған көрінеді. Жиын өткізу туралы алдын ала хабарланбады деп, саудагерлерге шүйлікті.

Дамир Әкежанов, Жетісу ауданы әкімінің орынбасары:

- Барлық базар да осы. Барахолкада, кез келген базарда орын бар. Бірақ бұл саудагерлерді ешкім қуып жатқан жоқ. Екі жыл болды, жұмысын істеп отыр. "ТКМ" ЖШС-гі жердің жалға берілу мерзімі біткен кезде уақытысында арыз бермеген. Бір айдан кейін беріп отыр. Әзірге саудагерлерді жылы орнынан қозғап жатқан ешкім жоқ. Барлығы соттың соңғы шешімінен кейін белгілі болады.

Алайда іс пайдамызға шешілмесе, "Бас прокуратураға шағым жолдаймыз" деген кәсіпкерлер оңайлықпен берілмейтінін айтып тарқасты.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!