Дәленов азық-түлік қымбаттамайды деп үкіметтегілерді сендірді

17:36, 20 тамыз 2019

Бүгін ҚР Үкіметінің отырысы бойынша өткен баспасөз конференциясында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов азық-түлік тауарлары бағасының көтерілуіне жол бермеу үшін қабылданған шаралар туралы айтып берді, деп хабарлайды Zakon.kz ҚР Үкіметінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Министр барлық өңірлерде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы инфляцияның алдын орап кеткенін жеткізді. Бұл тауарлардың баға өсімі 7,2 проценттен 15,1 процент аралығын қамтиды. Қымбатшылық, негізінен, Нұр-Сұлтан (15,1%), Жезқазған (11,8%), Талдықорған (10,4%), Ақтөбе (9,9%) Атырау (9,8%) қалаларында байқалады.

Оған қоса қымбатшылыққа маусымдық құбылыстармен қатар жыл соңында инфляцияның күш алатын көрінісі де әсер етуде.

"Біздің міндетіміз – инфляцияны 4-6% дәлізінде сақтау. Биыл, жалпы инфляция беталысы салыстырмалы түрде біршама төмен. Инфляцияның жылдық мәні шілде айының қорытындысы бойынша 5,4% құрады. Жыл соңына дейін біз бағаның өткен жылдағыдай өсуіне жол бермеу үшін барлық шараларды қабылдайтын боламыз", — деді Руслан Дәленов.

Оның айтуынша, жергілікті атқарушы органдар осы бағытта жұмыс істеуге сақадай-сай. Ол үшін мынандай шалалар қабылданған: сауда ережесіне енгізілген жаңа өзгерістер, тұрғындарға азық-түлік өнімдерін, жеміс-көкөніс өнімдерін өндірушінің бағасына жақын бағамен, барынша аз шығынмен сатуға мүмкіндік беретін көтерме-тарату орталықтарын салу. Сонымен қатар тұрақтандыру қорларының жұмыс рәсімдері жеңілдетілді. Бағаға мониторинг жүргізу және бағаны құруда делдалдық операциялар мен алды ала баға келісімін анықтау амалдары да бар.

Мәселен, жыл басынан бері Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті 11 субъектіге қатысты жеті зерттеу жүргізді: олар нан, сүт өнімдері, қант, ет, құс еті нарығында. 4 субъекті әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 4 млн теңгеге жуық сомаға айыппұл салынды, 6 млн теңге көлеміндегі монополиялық табыс алынды. Қалған субъектілер бойынша істер әкімшілік соттың қарауында жатыр.

"Жұмыстарды жүргізіп жатырмыз, бағалар бұрмаланбас үшін үнемі мониторинг жасаймыз. Қажет болған жағдайда және шағым түссе, біз заңнамаға сәйкес шара қабылдау үшін тексеруге шығамыз", — деді министр.

Сонымен қатар Дәленов сауда желілерінде үстеме бағаға шектеу қойылатынын атап айтты. Бұл шектеу 19 позиция бойынша әлеуметтік маңызы бар тауарларға ғана қатысты екен. Олар бойынша сауда желілерінде үстеме баға 15%-дан аспауы тиіс. Осындай заңға өзгерістер енгізілген.

"Бұл ретте сөрелер бос қала ма деген үрей туындайды. Оған жол бермеу үшін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға сауда желілерінің қаражат айналымына ақша "құю" құқығы берілген", — деп түсіндірді министр.

Бұдан басқа, сөрелердің 30%-ын тек қана отандық азық-түлік тауарларына ұсынуды көздейтін норма енгізілген.

"Бұл шаралар азық-түлік тауарларының бағасының толықтай бақылануға алуға жеткілікті", — деп түйіндеді сөзін Дәленов.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!