Дариға Назарбаева: Сенат жанында Агроөнеркәсіп кешені жөніндегі кеңес құрылады

10:55, 17 қаңтар 2020
237

ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева парламенттік тыңдауға дайындық аясында ауыл шаруашылығы саласының өкілдерімен бірқатар жұмыс кездесулерін өткізді. Бүгін ғылыми-білім беру орталықтары мен аграрлық университеттер басшыларымен кездесу болды, деп хабарлайды zakon.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шараға Парламент Сенатының депутаттары, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы, Қазақ ұлттық аграрлық университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, Жәңгірхан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің және ғылыми-зерттеу институттарының басшылары қатысты.

Кездесуде сөз алған "ҰАҒБО" АҚ Басқарма төрағасы Төлеутай Рақымбеков білім берудегі, трансферт пен технологияларды коммерцияландыру жүйесінің болмауы Қазақстандағы аграрлық ғылымының басты проблемасы, деп санайды. Т.Рахымбеков осыған байланысты аудандық агроколледждер мен кәсіпкерлер палаталары базасында аймақтарда ауылдық ақпараттық-консультациялық пункттер (ААКП) жүйесін қалпына келтіруді ұсынды.

"ҰАҒБО" АҚ Басқарма төрағасы аграрлық ғылымдағы кадрлар тапшылығы мәселесіне жеке тоқталып, салалық жоғары оқу орындарының түлектері көбінесе мамандығы бойынша жұмыс істемейтінін атап өтті.

Д.Назарбаева өз кезегінде осы мәселені шешуде "Болашақ" халықаралық білім беру стипендиясы қаншалықты тиімді екенін сұрады. Төлеутай Рақымбеков бүгінгі таңда бағдарлама бойынша білім алған 10 мың түлектің 70-і ғана аграрлық салада жұмыс істейтінін айтты.

"С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті" АҚ Басқарма төрағасы А.Күрішбаев оқу орны түлектері мен жоғары білікті мамандарды ауылда тұрақтандыру тақырыбын жалғастыра келіп, мәселе шешімінің бірі ретінде ұсақ шаруа қожалықтары кооперациясын құруды ұсынды. Оқу орнының ректоры қазіргі заманғы мамандарға жеке-дара жағдай жасау қиын болса, кооперацияға біріккен фермер шаруашылықтары кадрларға тиісті әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жасап, әлеуметтік пакетпен қамтамасыз ете алады, деп санайды.

А.Күрішбаев пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтаудағы және ғарыштық мониторинг арқылы егін шығымдылығы көрсеткіштерін жинаудағы университет жұмысының оң нәтижелері туралы айтты. Кейбір жергілікті атқарушы органдар мұндай қызметтерді енді пайдалана бастады.

"Бұл нақты мәліметтер алуға және қағазбастылықтан құтылуға мүмкіндік береді", - деп атап өтті ректор.

Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Андрей Агеенко тұқым шаруашылығындағы өзекті мәселелерді көтерді. Ғалымның айтуынша, өсімдіктердің гендік қорын сақтау мәселесі күн тәртібінде өткір тұр, қазіргі тұқым шаруашылығындағы алғашқы жүйе осы заманғы агробизнестің талаптарына сәйкес келмейді, отандық тұқым нарығына бақылау болмай отыр, фермерлердің көпшілігі стандарттарға сәйкес келмейтін астық себеді.

"Осы себептердің бәрі егін алқаптарының шығымдылығы мен өнімділігін төмендетуге мәжбүр етеді. Тұқым шаруашылығын бақылау жүйесіне өзгерістер енгізуді, реестрде тіркеудің үш жылдық циклін күтпестен келешегі зор дақылдардың сорттарын нарыққа шығаруға рұқсат беруді ұсынамыз", - деді А.Агеенко.

"Қарабалық ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы" серіктестігінің бас директоры Дамир Қалдыбаев өз кезегінде тұқымдарды әкелу мен әкетуді заңнамалық реттеуді ұсынды. Ол отандық өнім өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және ұлттық нарықты қорғауға мүмкіндік беретін еді.

Компания басшысы өз сөзінде «Ғылыми ауыл» жобасына қатысушылардың назарын аударды.

"Жастарға ауыл ғылымының тартымдылығын арттыру мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің ғылыми жаңалықтарға деген қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында біз өткен жылдан бастап осы жобаны жүзеге асыра бастадық. Облыс әкімдігінен бізге 880 млн теңге бөлінді, 380 млн теңгеге 21 км жол жөнделді, 500 млн теңгеге инженерлік-әлеуметтік құрылымдарды қалпына келтіреміз", - деді Д.Қалдыбаев.

Сенат төрағасы талқылау барысында осы жобаға қолдау білдірді және бұл бастаманы іске асыруға ауылдан шыққан инвесторларды тартуды ұсынды.

Д.Назарбаева талқылауды аяқтай келіп, ауыл шаруашылығы саласының проблемаларын кәсіби түрде кеңінен талқылау үшін Сенат жанында тұрақты жұмыс істейтін алаң құру жайында айтты.

"Бағдарлама мен барлық ұсыныстарды аяғына дейін жеткізу үшін біз Сенат жанынан Агроөнеркәсіп кешені жөніндегі кеңес құруымыз керек. Біз барлық ұсыныстарға мұқият қараймыз және оларды кейіннен Үкіметке берілетін құжатпен бірге жіберуге тырысамыз. Бұл Кеңеске мүдделі тараптардың бәрі: агроөнеркәсіп кешені, Үкімет, жергілікті атқарушы билік органдарының, ғылым және маман даярлау саласының өкілдері кіре алады", - деді Д.Назарбаева.

Сенат Төрағасы Д.Назарбаева шараның қорытындысы бойынша Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетіне кездесуге қатысушылар қозғаған өзекті мәселелерді зерделеуді және оларды парламенттік тыңдауда талқылауға дайындауды тапсырды.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!

Пікір