Covid-19 қоғам психологиясын қалай өзгертті

11:07, 30 қараша 2020
276

Әлемді жаулаған коронавирус пандемиясымен мамандар стресс пандемиясының өршіп бара жатқанын айтуда.

Тән саулығын сақтап, қатерден аулақ болып жүргендердің психологиялық саулығы әлсіреген тәрізді. Карантин талаптары қазақстандықтардың қимыл қозғалысын шектеп, дағдыларын өзгертті. Бұл дерттің құбылысына ілесе алмағандар күйзеліске ұшырады. Қоғам психологиясы өзгерген заманда халықпен тығыз байланыста жұмыс істейтін мекемелердің қызмет көрсету тәртібі өзгерді ма? Бұл туралы біз "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының психолог мамандарымен тілдескен болатынбыз.

Дерт қорқынышын жеңіп, жұмыс зейінін қалыптастыру үшін зум арқылы жұмыс істедік

– Аяжан Сейтзадаева, ШҚО филиалының психологы

Қалыпты өмірден коронавирус пандемиясы аясында тұрмыс дағдылары өзгерген кезде, қарапайым халықтың алаңдаушылығы мен стреске ұшырау сәттері көбейді. Қоғамнан оқшауланып, үйден шықпай отырған көптеген адам үшін бұл кезең ауыр болды. Дене белсенділігі азайып, әлеуметтік байланыс төмендеді, қаржы мәселелері туындады. Біздің қызметкерлер ол кезде қашықтан жұмыс істеп, телефон арқылы халыққа кеңес беріп жатты. Олар үй тұрмысы мен жұмысын үйлестіруді үйренуі керек болды. Дерт қорқынышын жеңіп, жұмыс зейінін қалыптастыру үшін сол шақта зум арқылы олармен жұмыс істедік. Оқшаулау кезінде стресс деңгейінің жоғарылауымен күресу, тұлғаның сабырлылығы туралы арнайы бейнероликтер жасап, қызметкерлерге көрсетілді.

Одан бөлек, психологтардың телефон нөмірі барлық қызметкерлерге таратылды. Бізге хабарласып, мұң-шағымын айтқан мамандарымыз қолдау тауып жатты. Халықпен жұмыс істейтін адамдардың ең алдымен өз психологиясының саулығы дұрыс болуы тиіс. Біз оларға аз уақыт ішінде қандай жаттығулар жасауға болатынын, уайымға берілмей, жағымды эмоцияларды қалай еселеуге болатынын үйреттік.

Қызмет алушылар әр түрлі адамдар болғандықтан, көпшілікпен жұмыс істеу оңай емес

– Эльмира Қайрұллаева, Ақтөбе облысы филиалының психологы

Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандарымен жұмыс істейтін психолог қызметінің өзгешілігі – ол жұмыскерлерге барлық жағынан жекелей көмек көрсетіп қана қоймай, жұмыс барысындағы қиын жағдайда өзін ұстау, эмоционалдық күйзеліске түспеу, қызмет алушылармен сөйлесу, қиын клиенттермен қалай тиімді жұмыс жасау – барлығын дерлік үйретеді. Адами қалпынан айнымай, эмоционалды интеллект, рухани интеллектті өмір жолында қатар дамытып, жұмыс істейтін маманның еңбегі қашанда жемісті болары даусыз. Жұмыс атмосферасының, моральді-психологиялық климаттың дұрыс болуы, әлбетте, психолог жұмысымен тығыз байланысты.

Карантин кезінде ХҚО-ның жұмыс істеу форматы өзгерді. Азаматтар броньмен ғана келіп, бұрын орталықтан алған анықтамаларын енді онлайн түрде үйде отырып-ақ рәсімдейтін болды. 65 жастан асқан зейнеткерлерге мобильді ХҚО үйлеріне барып қызмет көрсетті. Бұл жаңашылдықтарды жұрт бірден қабылдап, үйреніп кеткен жоқ. ХҚО-ға келіп наразылықтарын білдіріп жатқандар да болды, үйлерінде не жұмысында проблемасы болғандар қызметкерлерімізге зекіп, келіспеушілігін білдіріп жатты. Қызмет алушылар әр түрлі адамдар болғандықтан да көпшілікпен жұмыс жасау оңай емес. Сондайларға төзіммен қарап, дұрыс коммуникация орнату үшін мамандарға әр түрлі тақырыптарда семинарлар, тренингтер, рольдік ойындар және т.б. сабақтар жүргіземіз. Кризис жағдайын алдын алуды үйретеміз. Жылына 2 рет эмоционалдық күйзелісті анықтайтын, дау-дамай тудырмау бойынша тестілеу өткіземіз.

Әрбір тұлға – жұмбақ

– Дариға Сәрсен, Алматы қаласы филиалының психологы

Бүгінгі пандемия кезінде әр жүрекке мейірімділік шуағын ұялатып, адамдар арасындағы махаббат пен достықты, адалдық пен шыншылдықты, ақпейілділік пен дархандықты нығайта түсетін шаралар қажет-ақ. Мұны біздің қызметкерлер күнделікті жұмыс дағдысына айналдырған. Тоқтаусыз тіршіліктің көшінде қоңырқай күй кешкен жандарға қызметкерлеріміз бір сәт болса да жанын жадыратуға тырысып, "Жылу сыйлаймыз" шарасы аясында көңіл бөліп, өміріндегі маңызды құжаттарды алған жандарға қошемет білдіріп келеді.

Эмоционалды түрде шаршағанда ішкі ресурстарды қимыл-қозғалыс арқылы жинақтауға болады. Адам өзіне ұнайтын жаттығуды таңдап, серуендеп не өзге әрекет жасауға көңіл бөлуі тиіс. Бастысы мұны жүйелі түрде жасау керек.

Қазіргі таңда 1414 call-орталығының қызметкерлеріне қызмет алушылармен дұрыс байланыс орнату үшін темперамент туралы түсінік, стресс кезеңдері мен белгілері сияқты тақырыптарда семинарлар, Хасай Әлиевтің "Кілт" әдісі бойынша жаттығулар кешенін онлайн да офлайн түрде жүргізіп келеміз.

Әрбір тұлға – жұмбақ. Сол жұмбақтың кілтін тауып, жүрек кілтін аша білу, құпия сырын оқу – психолог маманның білімі мен біліктілігіне байланысты. Бұл дағдыны халықпен тығыз жұмыс істейтін біздің қызметкерлеріміз де үйренуі тиіс.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!