Цифрландыру әскер күштерін, күш пен құралдарын аз шығандай отырып ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді

21:29, 3 маусым 2020

Қорғаныс министрлігінде семинар форматында Қазақстан Қарулы Күштерін цифрландырудағы өзекті мәселелерді талқылады, деп хабарлайды Mail.KZ порталы.

Шараға Қорғаныс министрлігі басшылығы, әскер түрлерінің бас қолбасшылары, өңірлік қолбасшылықтар қолбасшылары қатысты. 

Қорғаныс министрлігі елдің қауіпсіздігіне жауап беретін мемлекеттік орган ретінде армияны цифрландыруға кірісті. Ол үш негізгі бағыт бойынша жүргізіледі. Атап айтқанда, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының іс-шараларын іске асыруға қатысу, «Электронды үкімет» порталы арқылы халыққа мемлекеттік қызмет көрсету, сондай-ақ әскери мақсаттағы басқару жүйесін автоматтандыру мен ақпараттық жүйелерді енгізу.

«Армияны сандық тұрғыда жаңғырту мәселелерінде белгілі бір нәтижелерге қол жеткізылді, сандық технологияларды енгізу бойынша тәжірибе жинақталып, күштер мен құралдардың қажетті әлеуеті құрылуда. Сонымен қатар, Қарулы Күштерді әлі де атқаратын нәрселер көп», – деді Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев.

 

Сонымен қатар, командирлердің қызығушылығы мен жеткілікті қаржыландырусыз жұмыс нәтижесіне толық көлемде қол жеткізілмейтінін атап өтті. Барлық деңгейдегі командирлер автоматтандыру мен цифрландырудың не беретінін түсінбей, жақсы нәтиже болмайды.

Әскер түрлері мен тектері, өңірлік қолбасшылықтар бас қолбасшылары басқармаларының құрылымына автоматтандыру және цифрландыру жөніндегі офицерлерді енгізу қажет. 

Басқару үдерістерін автоматтандыру басқару қызметінің циклін қысқартуға бағытталған. Жауынгерлік міндетті алудан бастап, оның орындалуын талдауға дейінгі жұмыстрады қамтиды.

Мәселен, автоматтандырылған басқару жүйесі Әуе қорғанысы күштерінде жұмыс істейді. Ол әуе жағдайын бейнелеуді қол күшінің көмегімен емес, автоматты түрде орындалуына алмастырды. Жауынгерлік құралдардың дайындығын бақылау, штурмандық міндеттерді мақсатты бөлу және шешу бағдарламалық-аппараттық кешендерін қолдана отырып жүзеге асырылады.

Әуе қорғаныс күштері автоматтандырылған басқару жүйесінің мобильді кешендерін жауынгерлік іс-қимылдар кезінде бөлімдер мен бөлімшелердің маневр жасауын қамтамасыз ету үшін енгізу жоспарланып отыр. Майдандық, армиялық, сондай-ақ көлік авиациясын басқару мүмкіндігін қосу мақсатында арнайы бағдарламаны қамтамасыз етудің функционалы кеңейтілетін болады.

Сондай-ақ, жоғарғы буын мен Құрлық әскерлерін басқарудың автоматтандырылған жүйесі әзірленді. Ол Қарулы Күштерді басқарудың автоматтандырылған жүйесінің негізі болып табылады және бағынышты әскерлерді басқарудың тиімділігі мен сапасын арттыруға, шешімдер қабылдау уақытын қысқартуға және күштер мен құралдардың аз шығынында жауынгерлік іс-қимылдарда табысқа жету үшін әскерлердің мүмкіндіктерін ұтымды пайдалану үшін жағдайлар жасауға арналған. 

Бұдан басқа, Қарулы Күштер ресурстарын басқарудың автоматтандырылған жүйесі әзірленуде. Ол жұмылдыру, материалдық-техникалық, және өзге де ресурстарды , сондай-ақ әскердің кадрлық әлеуетін басқару және бухгалтерлік есепке алу процестерін автоматтандыруды көздейді. Аталмыш жүйені құру аяқталғаннан кейін есептің барлық түрлерін онлайн-режимге көшіру, сондай-ақ қолда бар және құрылатын анықтамалықтар мен жіктеуіштер негізінде Қарулы Күштердің есептік-жабдықтау бірліктерін қалыптастыру процесін автоматтандыру жоспарлануда.

Сонымен қатар, «Әскери басқарманың жергілікті цифрлық органы» пилоттық жобасын Нұр-Сұлтан қаласы мен Алматы облысының жергілікті әскери басқарма органдарына енгізу жоспарлануда.

Қазіргі таңда өнеркәсіптік пайдалануға 11 ақпараттық жүйе қабылданды.

Стратегиялық, жедел және тактикалық деңгейдің далалық басқару органдарын автоматтандыру деңгейін арттыру үшін 2020 жылы мобильді орындаудағы Автоматтандыру құралдарының жеті далалық кешенін және жылжымалы немесе кейстік орындаудағы төртеуін алу жоспарлануда.

Қорғаныс Министрлігі, Бас штаб, Қарулы Күштер түрлері, әскер тектері, өңірлік қолбасшылықтар, құрамалар, әскери бөлімдер мен мекемелер арасында ақпарат алмасу үшін деректерді берудің ведомстволық желісін құру жалғасуда. Бұл әскери бөлімдер мен мекемелерді бірыңғай сандық ақпараттық кеңістікке біріктіруге мүмкіндік береді.


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!