Бүгін Бакуде негізін Елбасы қалаған Түркі кеңесінің саммиті өтіп жатыр

09:52, 15 қазан 2019

Бүгін Бакуде Түркі кеңесінің саммиті өтеді. Алқалы жиынға Елбасы қатысады, деп хабарлайды "Хабар 24".

"Кеше кешкілік Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстан Республикасының президенті Сооронбай Жээнбековпен кездесті. Кездесуде Сооронбай Жээнбеков Нұрсұлтан Назарбаевты Түркі кеңесінің құрметті төрағасы мәртебесімен құттықтады. Ал Қазақстанның Тұңғыш Президенті Түркі кеңесінің маңызына тоқталып, бұған дейін өткен барлық жиындарға қатысқанын атап өтті. Елбасы Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиевпен де кездесті. Түркі тілдес елдер арасындағы интеграциялық байланыстарды күшейтумен қатар Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы ынтымақтастық көкжиегін одан әрі кеңейту мәселелері де әңгімеге арқау болды", - дейді телеарна тілшісі.

Ильхам Әлиев, Әзірбайжан Республикасының президенті:

- Мен үшін Сізбен араласу – құнды. Кезінде Президент қызметіне кіріскен уақытта маған ылғи қолдау көрсеттіңіз. Өзара қарым-қатынас үнемі бауырластыққа негізделіп келеді. Сонымен қатар түркі тілдес елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтудағы үлесіңіз зор. Көп бастаманың бастауында Өзіңіз тұрсыз. Мерейтойлық саммиттің Бакуде өтіп жатқанына қуаныштымын.

Жетінші рет өтетін Түркі кеңесінің саммиті ұйымның 10 жылдығымен тұспа-тұс келді. 2009 жылы Нахчыванда Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Түркі кеңесінің негізі қаланды. "Нахчыван келісімі" өзара ықпалдастықты, бауырластық байланыстарды нығайтты. Қазір түбі бір түркі жұрты түрлі салада ынтымақтастық орнатқан. Сол ынтымақтастықты ырысты етуге қосқан үлесі үшін Елбасы Түркі кеңесінің құрметті төрағасы атанды. Бұл мәртебе салтанатты жағдайда тапсырылады деп жоспарланып отыр.

Баку саммитінің тағы бір жаңалығы – Өзбекстанның кеңестің толыққанды мүшесі атануы. "Бұл шешім – аясы кеңейіп, байланысы беки түскен Түркі кеңесінің қызметіне серпін береді", - деп санайды сарапшылар.

Айта кетелік, алқалы басқосу "Мүше мемлекеттердің шағын және орта кәсіпорындарын қолдау" тақырыбында өтпек. Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтан бөлек, экономикалық қарым-қатынасты күшейтуге ден қойған Түркі кеңесінің жетінші саммитінде бірқатар маңызды шешімдер қабылданбақ.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!