Бұдан былай жәрдемақы көпбалалы аналардың бәріне беріледі

11:04, 17 қазан 2019
302

Атаулы әлеуметтік көмек төлеміне енгізілген жаңашылдықтарға сәйкес, көпбалалы аналарға төленетін жәрдемақы енді олардың табысына қатысты болмайды. Бұл мәселеге орай жұмыспен қамту орталығының мамандары дөңгелек үстел өткізді, деп хабарлайды Zakon.kz Almaty телеарнасына сілтеме жасап.

Еліміздің президенті өзінің халыққа арнаған Жолдауында көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы механизмдерін ретке келтіруді, оны әділ әрі еңбекке талпындыратындай етіп түзетуді тапсырған еді. Одан бөлек, мемлекет басшысы аз қамтылған отбасындағы балаларға қосымша кепілдендірілген әлеуметтік көмек көрсету қажеттігін алға тартқан. Соған орай, енді көпбалалы аналарға тағайындалатын жәрдемақы олардың табыс көлеміне тәуелді болмайды. Бұл шамамен бір балаға шаққанда 10 мың теңге. Сондай-ақ, табысын, не болмаса кәсібін жасыратындарды анықтау тетіктері де әзірленіпті. Жұмыспен қамту орталығының мамандары бұл ретте мониторинг жұмысын едәуір күшейтпек.

"Өкінішке қарай, өз табысын жасыру, тұрғылықты мекен-жайын ауыстыру арқылы атаулы әлеуметтік жәрдемақы алушылар анықталды. Олардың зәулім үйі бар екен. Оларда кәсіптің бар екені, бір емес, бірнеше қымбат көлік мініп жүргендері анықталды. Сондықтан қазір мұқият тексеріс жұмыстары жүргізілуде", - деді Алматы қаласы Жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Диляра ИМАНҚҰЛОВА.

Жаңа жүйе 3 бағыт бойынша жүзеге асады. Жобаны іске асырушылар көпбалалы аналарды кепілдендірілген жәрдемақыны қоса есептегенде, жеке санатқа енгізіп қойды. Демек, көпбалалы отбасылардың бәрі тұрмыс жағдайы төмен деп саналмайды. Екінші бір бағыт – аз қамтылған санаттағы азаматтарға қолдау көрсетуге және оларды жұмысқа орналастыруға қатысты. Ал үшіншісі – атаулы әлеуметтік жәрдемақы алушылардың барлығына кепілдендірілген әлеуметтік көмек көрсетіледі. Оған балалардың тамақтануы, гигиеналық заттары мен білім беру қызметтері енеді.

"Атаулы әлеуметтік көмек қалыптасқан кестеге сәйкес, ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызы көлемінде берілсе, кепілдендірілген әлеуметтік көмекпен аз қамтылған жанұяларда тәрбиеленіп жатқан балаларға көрсетіледі. Демек, олар тегін тамақ және оқулықтармен, тегін жолақысымен, сондай-ақ басқа да бірқатар кепілдендірілген әлеуметтік көмектермен қамтамасыз етіледі" - деді Алматы қаласы Жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Диляра ИМАНҚҰЛОВА.

Жоба жасаушылардың мәліметінше, атаулы әлеуметтік көмек механизмдері жалпы көпбалалы отбасылардың материалдық жағдайын көтеріп, кездейсоқ адамдардың оны алуына жол бермейді.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!