Борат былжырай берсін. Бірақ біз осы күлкілі ел емеспіз бе?

09:54, 27 қазан 2020
290

Боратқа неменеге шүйлігеміз? Мақсаты елді дүрліктіріп, дүбірге дүрмек қосып хайп жасау еді. Қақпанына жемтіксіз түсіп бердік. Өзі кәйп боп жүр... Оның арзан күлкі үшін ойлап тапқан ақымақ әрекетінің шындыққа жанаспайтынын есі түзудің бәрі біледі, деп пайымдайды Ертай Нүсіпжанов.

Боратты қойшы, былжырай берсін. Сұрағым келгені, сонда сізше біз күлкілі ел емеспіз бе? Оның аспаннан алған өтірік сюжеттері ұнамаса, онда шынайы оқиға желісімен деп Қазақстанның күнделікті өміріне сүйеніп оның келесі фильміне сценарий жазып берейік? Ол шамамен мынандай оқиғалардан тұрсын:

- Қазақ тілін дамыту үшін деп қазынадан қыруар ақша бөліп, бірақ жоғарыдағылардың өздері мінберлерде беттері бүлк етпей орысша сайрап тұрсын.

- Бір депутат ханым қазақтың әнұраны ойнағанда жүрегінің қайда орналасқанын білмей қалсын.

- Күллі әлем індетпен айқасып, халық жанымен қайғы боп жатқан тұста бір әкім елді жинап алып баласына тығылып той жасасын.

- Ұшақтарымызда, қоғамдық көліктерде 1 метр арақашықтық сақтаңыз деп хабарлап, бірақ жолаушыларды сығылыстырып отырғызып қорласын.

- Қазақ тілінің сойылын сойып жүргендей боп көрінген қазақтар банкомат тілін орысша таңдасын.

- Әншілер неге фонограммамен айтады деп күйіп-піскен бір қазақ сол әншіге қыруар ақша беріп тойына шақырып, фонограммамен 2 ән айтып бергені үшін өзін дүниедегі ең бақытты адам сияқты сезінсін.

- Пара алды деп әлдекімді сөккендер жол ережесін бұзып, сосын гаищникке әкем, көкем деп пара берсін.

Қысқасы, мұндай шынайы оқиғалар желісі толып жатыр. Бірақ мұндай фильмді көрген басқалар бұған күлер ме екен? Меніңше, бұл ыржақтайтын комедия емес, еңіреп тұрып жылайтын драма боп шығатын сияқты. Сіз қалай ойлайсыз?


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!