Болат Хабижанов ең жоғары марапат - «Алтын дәрігер» медалімен марапатталды

16:54, 12 желтоқсан 2019

Бүгін Алматыда Педиатрия орталығында медицина ғылымдарының докторы, профессор, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Бас ғылыми қызметкері, ҚР Еңбек сіңірген дәрігері Хабижанов Болат Хабижанұлының 80 жылдық мерейтой құрметіне орай салтанатты жиын болып өтті, деп хабарлайды zakon.kz "Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы" баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиынға орталықтың басшылық құрамы, дәрігерлер мен қызметкерлер, ғалымның достары мен әріптестері, сонымен қатар шәкірттері қатысып, мерейтой иесін мерейлі жасымен құттықтады. Жүректен шыққан ақ жарма тілектерін арнап, құшақ-құшаққа толы гүл шоқтарын табыс етіп, сый құрмет көрсетті.

Салтанатты жиынға арнайы қатысқан С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры Талғат Нұрғожин мерейтой иесінің денсаулық саласына сіңірген еңбегін атап өтіп, қоғамдық денсаулықты дамытуға және Қазақстан республикасының денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға қосқан үлесі үшін Болат Хабижанұлын "Университет мақтанышы" төсбелгісімен марапаттады. Оқу орын басшысы құттықтау алғы сөзінде сондай-ақ ардақты ұстаз оқу орынның "Алтын" кітабына енетіндігін және Болат Хабижанұлының есімі университеттің "Даңқ" аллеясына жазылатындығын атап өтті.

Болат Хабижанұлы сонымен қатар, ҚР халқының өмірі мен денсаулығын сақтауға сіңірген абыройлы еңбегі үшін Ұлттық Медициналық қауымдастығының жоғары марапаты - "Алтын дәрігер" медалімен марапатталды.

Шара барысында мерейтой иесін сондай-ақ, "Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің" ұжымы, "Астана медицина университеті" ұжымы мен әр облыстан келген шәкірттері мен әріптестері құттықтады.

Болат Хабижанұлы Атырау облысында дүниеге келген.

Алматы медицина институтын (С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті) бітірген. 1963-1978 жылдары - Қазақ педиатрия ғылыми-зерттеу институтының (Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы) кіші, аға ғылыми қызметкері, 1978-1991 жылдары - Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының жүрек-қантамыр аурулары бөлімшесінің меңгерушісі, 1991 жылдан - С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің балалар аурулары кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарады.

Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері ревматология мәселелеріне арналған. Ревматизмге шалдыққан балаларда дәрі-дәрмектен болатын аллергиялық реакциялардың сыр-сипаты жөнінде теорияны пайымдады. Қазақ тілінде студенттерге арналған тұңғыш "Бала хирургиясы", "Педиатрия" оқулықтардың, 7 өнертабыстың, 400-ден аса ғылыми еңбектің, оның ішінде 2 монографияның авторы. Оның жетекшілігімен 25 диссертация қорғалды: 5 ғылым докторларын, 20 ғылым кандидаттарын даярлады.

Болат Хабижанұлы денсаулық сақтау саласына сіңірген еңбегі үшін "КСРО Денсаулық сақтау министрлігінің денсаулық сақтау ісінің үздігі" төсбелгісімен, "Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген дәрігері" құрметті атағымен, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Әл-Фараби атындағы сыйлығымен, ҚазҰМУ-дың С.Д. Асфендияров атындағы сыйлығымен, ҚР БҒМ "Қазақстан Республикасындағы ғылымды дамытқаны үшін" төсбелгісімен, "Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері" төсбелгісімен және т.б. көптеген алғыс хаттар мен грамоталармен марапатталған.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!