БҚО-ның Жақсыбай ауылы қалың қардың құрсауында қалды

19:30, 18 ақпан 2017

Батыс Қазақстан облысының Жақсыбай ауылы қалың қардың құрсауында қалған. Сол себепті қазір ауылдағы 2 мыңдай тұрғын үшін сыртқы әлеммен байланыс толықтай үзілген десе болады.

«Орал қаласы өз алдына, 140 шақырым жердегі аудан орталығы Жәнібекке жетудің өзі мұң болды», – дейді Жақсыбайлықтар. Дәл қазіргі сәтте аудан аумағында қатты боран соғып тұр. «Жолдарды тазарту міндетін алған мердігер кәсіпорынның қолында небары екі-ақ трактор болғандықтан, қалың түскен қарды дер кезінде аршуға үлгере алмай жатыр», – дейді аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин. 

Аудан басшысының хабарлауынша, биыл жалпы ұзындығы 273 шақырым болатын ауданішілік жолдарды күтіп ұстау мақсатында облыс бюджетінен 30 миллион теңге бөлінген. Осы қаржы ауданға қарасты 9 округ аумағындағы жолдарды талапқа сай қалыпта ұстау үшін теңдей бөлінеді. Алайда оны ұтып алған жергілікті «Қанат» ЖШС-нің қолында екі-ақ техника. Оған қажетті жанармай да аудан бюджетінен бөлінген қосымша қаржыға сатып алынады. Қазір осы мердігер кәсіпорынның қолындағы К-700 тракторы Талов ауылдық округінің жолдарын аршып, Жақсыбайға қарай келе жатыр. Жақсыбай ауылдық әкімдігінің қарамағындағы ДТ техникасы сынып тұр. 

«Шаруа қожалықтарына тиесілі «Беларусь» тракторлары қалың қармен күресуге қауқарсыз», – дейді аудан әкімі. Ал облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің шұғыл кезекшісі Асхат Қадыровтың айтуынша, қиындық туындаған аумақтағы жол бүгін түнге дейін тазартылады. Қазіргі таңда аудандық коммуналдық қызметке қарасты 4 техника мен 7 адам Комсомол ауылына және Жақсыбай ауылына дейінгі 30 шақырымдық жолды тазалау үшін қосымша көмек ретінде шыққан. 

Авторы: Талғат Серікқалиұлы

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!