Биыл «Болашақ» стипендиясы 67 үміткерге берілді

17:34, 24 мамыр 2018

ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Отырыста мемлекеттік хатшы елімізде «Болашақ» бағдарламасы бойынша қазақстандықтар сапалы білім алуға мүмкіндік алғанын атап өтті.

«ХІ Астана экономикалық форумында ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Біз мемлекет қалыптастыру ісінің бастауында «Болашақ» бағдарламасын жүзеге асыруға кірістік. Сол арқылы 13 мың қазақстандық мемлекет есебінен әлемнің үздік университеттерінде оқуға мүмкіндік алды» деген болатын. Сондай-ақ Мемлекет басшысы жаһандық еңбек нарығының трансформациясы мәселесіне тоқталып, жаңаша ойлау қабілетін қалыптастыруға, қажетті ақпаратты тауып, оны дұрыс қолдану қабілетін жетілдіруге бағытталған білім беру саласын құру туралы айтып өтті. Осы орайда 2018-2025 жылдарға арналған «Болашақ» халықаралық стипендиясын дамыту жоспары құрылып, ол жүзеге асып жатыр», - деді ол жиында.

Сондай-ақ Гүлшара Әбдіқалықова Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында адами капиталды дамыту мәселелеріне ерекше көңіл бөлгеніне тоқталды.

Мемлекеттік хатшының пікірінше, жаһандағы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығына айналуы тиіс. Ол үшін барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет.

Комиссия отырысында Білім және ғылым министрлігінің шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның хаттамалық тапсырмаларының орындалуы туралы есебі тыңдалды, әрі «Болашақ» бағдарламасының іске асырылуына байланысты бірқатар мәселелер қарастырылды.

Комиссия шешімімен стипендия магистратура мен докторантурада оқуға, әрі әлемнің жетекші ғылыми және өндірістік орталықтарында тағылымдамадан өтуге жіберілетін үмітерлер тағайындалды.

Отырыс қорытындысы бойынша ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова «Болашақ» халықаралық стипендиясын іске асыруды одан әрі жалғастыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!