«Бастау» жобасы бойынша 864 адам оқып жатыр

09:45, 19 сәуір 2018

Алматы. 19 сәуір. 7kun.kz – 16 сәуірде Алматы облысында 2017-2021 жылдарға арналған Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында «Бастау» жобасы бойынша оқыту басталды деп хабарлайды Атамекен палатасының баспасөз қызметі. 

Оқыту 16 ауданында жүргізіліп жатыр.

14-15 сәуір күндері үміткерлер үшін тестілеу ұйымдастырылды. Емтихан қорытындысы бойынша 864 ауыл азаматы оқуға қабылданды.

««Бастау» жобасының бірінші ағымында 800-ден астам адам бар. Аудандарда біздің бизнес-тренерлер алғашқы сабақтарын бастап кетті. Талдықорған, Текелі, Қапшағай қалаларында оқыту шілде айында жоспарланған», – деді Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы Кәсіпкерлікке қаржылық емес қолдау көрсету бөлімінің басшысы Ерлан Датқаев.

Жалпы биыл облыста оқытумен 3,3 мыңнан адамды қамту жоспарланып отыр.

«Бастауға» жұмыссыздар мен өзін-өзі қамтыған азаматтар және ісін кеңейтуге мақсат қойған жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер қатыса алады. Қатысуға өтінім Жұмыспен қамту орталығы арқылы қабылданады және үміткерлер тестілеуден өтеді. Соның нәтижесі бойынша оқуға қабылданады.

Оқыту бағдарламасы 12 модульден тұрады. Қатысушыларға салық режимдері, заңнама, маркетинг негіздері, бизнес саласындағы сұраныстағы бағыттар және т.б. білім беріледі. Сонымен бірге, тәжірибелік сабақтар, кәсіпкерлік объектілерін аралау, табысты бизнес өкілдерімен кездесу ұйымдастырылады. Бір айлық курста отандық бизнес-тренерлер сабақ береді. Сонымен бірге қатысушыларға бағдарлама бойынша шәкіртақы төленеді.

Айта кетейік, «Бастау» бойынша оқытуға қатысқан азаматтар 6 пайызбен18 млн теңгеге дейін несие алу мүмкіндігіне ие.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!