Банк қызметкерлері аң-таң. Жұрт "Отбасы банкке" лап қойды

23:37, 7 желтоқсан 2021
333

© Сурет: Zakon.kz/Павел Михеев

Өткен аптадан бері елімізде 82 мыңнан астам адам қордағы қаражатын «Отбасы банкіне» аударуға өтініш беріп үлгерген. Мұндай қарқынмен бұл көрсеткіш жыл соңына дейін еселеп артатыны сөзсіз.

Елімізде зейнетақы қорының салымшылары «Отбасы банкіне» ағылып, бөлімшелерде бұрын-соңды болмаған шексіз кезек туындады. Көбі қордағы ақшаларын несиеге алатын баспанасына немесе депозитке аударуға асығып жатыр, деп хабарлайды Zakon.kz.

Өйткені келесі жылдан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында қалуы тиіс қаражаттың шекті мөлшері екі есеге дейін өсетіні белгілі. Кей өңірдегі банк басшылары халықтың нөпірінен кейін штаттан тыс қызметкерлерді қатарға қосып, демалыс күндері де жұмыс істеуге көшкен, делінеді КТК-ның арнайы сюжетінде.

Солтүстік Қазақстан облысындағы «Отбасы банкі» бөлімшелерінде кешелі бері қарбалас. Теріскейдегі жұрт зейнетақы қорындағы артық ақшаларын аударып үлгеруге асығып жатыр. Банк қызметкерлері де бұқараның мұндай нөпірін бұрын-соңды көрмедік деп аң-таң. 

Бұрындары күніне банкке шамамен 10 адам келетін. Ал, апта басынан бері зейнетақыға қатысты сұрақпен келгендер жүз адамнан асып жығылды. Кеңес беру орталықтарымыз бар. Ол жақта да адам өте көп. Біз жұртқа өтінішті қалай жіберу керегін түсіндіріп жатырмыз. «Отбасы банкі» АҚ Петропавл қаласы филиалының бөлім басшысы Арман Судралин

«Отбасы банкінің» Атырау облысындағы бөлімшесінде де ұзын-сонар кезек. Ғимаратқа таңмен таласа келген мұнайлы өлкенің тұрғындары қызмет көрсетудің сапасын сынға алды. Ал онлайн кеңес берушілер тіптен телефон тұтқасын көтермейді деп бұқара әбден ашуға мінген.      

Мен бір кездері басшысына дейін бардым. Онлайн қызмет алыңдар дейді. Алайда түсінбеген жеріңді сұрайын деп телефон соқсаң, өмірі жауап бермейді. Амал жоқ, осында өз аяғыммен келіп отырмын. Оның өзінде кезектен көз ашпайсың. Қызмет көрсету деңгейі өте төмен. Кейбір менеджерлер, тіпті орнында жоқ. Атырау қаласының тұрғыны Үнзила Сәрсенбаева

Ал, банк басшылығы кезекті азайту үшін қызметке тағы да 4 менеджерді қабылдап, облыс бойынша штаттан тыс 80 кеңесшіні жұмылдырдық деп ақталды. Енді олар демалыс күндері де дамылсыз жұмыс істейді.

Жексенбіде штаттан тыс кеңесшілер жұмыс істейді. Оларда демалыс жоқ. Қазір адамдарды қабылдап қашықтықтан да кеңес беріп жатқан жайы бар. Аймақтарда, сонымен қатар, қалада да бар. Сол жаққа азаматтарды жіберіп, кезекті азайтып, жұмыстар жүргізіліп жатыр. «Отбасы банкі» АҚ Атырау облысы филиалы директорының орынбасары Нұрболат Батыров

Қордағы ақшасынан дәмелі алматылықтар да банк бөлімшелеріне ағылып жатыр. Өйткені шаһарда баспанасын ипотека арқылы алған адамдар көп. Банк ішінде сапырылысқан халық зейнетақы жинағын несиеге құйып, қарыз мөлшерін қысқартуды көздеген. Соның бірі – Бекен. Білім беру саласында тер төгіп жүрген жігіт ағасы асығыс шешім қабылдаған жауаптыларға ренжулі.

Менде 700 мыңдай артылып тұр. Оны осы банкке аударамын. Адамдарды қиын жағдайға түсіріп қойды. Желтоқсанда заңды өзгертіп жіберді. Қазір басымыз қатып жатыр. Алдын ала халыққа түсіндірген де жоқ. Үкімет өзінше өмір сүреді. Халық өзінше өмір сүреді. Алматы қаласының тұрғыны Бекен Жарқынбеков

Өткен аптадан бері елімізде 82 мыңнан астам адам қордағы қаражатын «Отбасы банкіне» аударуға өтініш беріп үлгерген. Мұндай қарқынмен бұл көрсеткіш жыл соңына дейін еселеп артатыны сөзсіз. Ал артылған ақшасын ем-домға жұмсауға шамамен 75 мың салымшы ниет білдіріпті. Мамандар жанталасқан жұртқа уақыт жоғалтпай, ақшаны онлайн өтінім беруге болатынын жеткізді. Сондай-ақ кеңес орталығындағы қызметкерлер зейнетақыға қатысты барлық сұраққа жауап беруге дайын екен.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!