Балқаш көлінде ірі көлемде балық аулаған браконьер мұз үстінде ұсталды

10:35, 28 қаңтар 2021

Алматы облысының табиғат қорғау полициясы мен облыстық Балық шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының бірлескен рейді барысында Балқаш көлінің Сарқан ауданына қарасты учаскесінде ірі көлемдегі балық аулаған браконьер ұсталды. Күдіктінің балық аулау кезінде қолданыстағы заңмен тыйым салынған тәсілді пайдаланғаны әшкереленді, деп хабарлайды zakon.kz Алматы облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 40 жастағы күдіктінің көлігін тексеру барысында 300 килограмнан астам балық табылып тәркіленді. Сонымен қатар, қылмыс құралы ретінде пайдалану тыйым салынған балық ауы тәркіленді. Күдіктінің мемлекетке 3 миллионға жуық материалдық шығын әкелгені анықталды, деді облыстық ПД ЖПҚБ Табиғат қорғау инспекторы полиция капитаны Бағлан Рымжанов.

Тәртіп сақшылары тәркілеген балықтар арнайы қабылдау орындарына өткізіліп, одан түскен қаражат мемлекет пайдасына аударылатынын атап өту қажет.

Естеріңізге сала кетейік, Алматы облысында "Браконьер" жедел алдын алу іс-шарасы 16 қаңтарда басталып, осы айдың соңына дейін жалғасады. Арнайы шара барысында бұған дейін де табиғи байлыққа қол сұғушылар ұсталған болатын.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!