Байқоңырда ресейлік полицейге 400 рубль пара ұсынылды

15:50, 11 желтоқсан 2024

© Фото: Zakon.kz

Ресей азаматы Байқоңырда полиция қызметкеріне пара беруге тырысқаны үшін сотталды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қызылорда облыстық сотының ақпаратынша, сотталушы полиция қызметкерінің шет мемлекеттің лауазымды адамы екенін біле тұра, әкімшілік жауаптылықтан құтылу мақсатында әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырмауды сұрап, оған 400 рубль (Қазақстан Ұлттық Банкі бойынша 2178 теңгені) пара ретінде ұсынған.

"Осылайша сотталушы қылмыстық әрекеті арқылы шет мемлекеттің лауазымды адамына пара беруге оқталған. Аталған қылмыс ауырлығы орташа қылмыс санатына жатады және белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның он еселенгеннен жиырма еселенгенге дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұл салуға, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады",- делінген сот ақпаратында.

Сот үкімімен сотталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабы 3-бөлігі, 367-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыру түріндегі қосымша жаза тағайындала отырып, мүлкі тәркіленбей, 21 780 теңге айыппұл салу жазасы тағайындалды.

Бұған дейін Алматыда 29 жасөспірімнің полицияға жеткізілгендігі жайлы хабарлаған болатынбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!