Ауыл әкімдері елдің көкейінде жүрген көп ойдың нақты шешімдерін айтты

22:45, 20 қаңтар 2017

Уақыт ілгері озған сайын бір ғана құқық қорғау саласы емес, ел өңірлерінде жалпы өмір сүру деңгейі де өсіп келеді. Қуантарлығы, ірі қалаларда ғана емес шалғай жатқан ауыл-аймақтарда да.

Елді мекендерді ауызсумен, жылумен, көгілдір отынмен қамтамасыз етуде көп ілгеріледік. 

Нақты дәйектер мен деректер әкімдердің халыққа берген есептерінде айтылды. 

Ауыл әкімдері елдің көкейінде жүрген көп ойдың нақты шешімдерін айтты. Мәселен, «Сексеуіл-Жезқазған» теміржолының салынуына байланысты өткен жылы Қызылорда облысы, Арал ауданының Сексеуіл кентінде теміржолшыларға арнап 20 тұрғын үй пайдалануға берілген. 

Халықтың ендігі өтініші – тозығы жеткен су құбырын жаңарту. Бұл мәселе «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында алдағы көктемге дейін толық шешіледі. 

Жолмырза Мырзағұлов, Сексеуіл кентінің тұрғыны 

-Осы көктемде береміз деп айтып жатыр. Салды, жақсы салды. Трубалары да сапалы. Тереңдетіп, 2 метрден астам қылып салып жатыр. Соған қарағанда суымыз жақсы болады деген ойдамыз.

Ауызсумен қамту жайын жақсартуды батыстағы Қызылоба тұрғындары да өтініп сұрайды. 

Нұржан Бердіғалиев, Қызылоба ауылдық округінің әкімі

-2001 жылы таза су мәселесі шешілген болатын. «Струя» қондырғысы орнатылып, ауыл маңындағы Көшім каналынан суды тазартып, сол арқылы ауызсу мәселесі шешілген. Бірақ дегенмен енді ел болғасын, «Ақбұлақ» бағдарламасымен үй үйге кіргізгілері келеді. 4 жыл бұрын жобалық сметасын жасап, әзірлеп қойғанбыз.

Ал Атырау облысындағы Доссор кенті ауызсу және көгілдір отынмен толық қамтылған. Енді тұрғындар: «Көшелер жарықтандырылса», – дейді. 

Гүлжамал Шөкетова, Доссор кентінің тұрғыны

-Бізде арғы бетте Сағытжанов, Ауқатов көшелерінде жарық жоқ. Балалар таңертең сабаққа шығады, өзіміз жұмысқа шығамыз. Жер көк мұз, жүре алмаймыз. Көшеде мүлде жарық жоқ.  

Жарылғасын Исмағұлов, Доссор кентінің әкімі

-Трансформатор тұйықталып, кешегі боранда көп нәрсені істен шығарып жіберді. Бюджеттен 4 млн ақша қаралып, тендерден ұтқан адам келіп, іске кіріседі деп отырмыз.

Ауыл белсенділерінің көбі бизнесті дамытуға атсалысуда. Батыс өңірде Қызылобадағы белсенді азаматтар да атакәсіпті жандандыруға кіріскен. Ауылдық округке қарасты 3 елді мекенде 60 шаруа қожалығы бар. Жекенің қолындағы мал басы көбейген. Шаруалар 44 миллион теңге несие алған.

Ал Қостанай облысының Озерный елді мекенінде соңғы жылда мал басы бір жарым есеге өсіпті. Төрт түлікті асылдандыруға ден қойғандар мемлекеттік бағдарламаның игілігін көруге асық.  

Эльмира Ысқақова, Озерный ауылының әкімі

-Көптеген мәселелер республикалық, аудандық бюджет есебінен оң шешімін тапты. Оның сыртында жергілікті шағын және орта бизнес құрылымдарының да әлеуметтік салаға көрсетіп отырған көмегі зор екендігін айта кеткен жөн.

Мемлекет қолдауы нәтижесінде кәсіпкерлік өркендеді. Ауылда халыққа қажетті қызмет көрсету орындары көптеп ашылған. Бизнестің дамуына көгілдір отынмен қамту мәселесінің шешілуі де оң ықпалын тигізбек.

Қайрат Ахметов, Қостанай ауданының әкімі

-Облыс әкімі «Трангазаймақпен» меморандумға отырды. Біз сол келісімге кіру жөнінде ұсыныспен шығып отырмыз. Қазір елді мекендерді газдандыру кезең-кезеңмен іске асып жатыр.

Демек Озерныйға да көгілдір отынның жететін күні алыс емес.

Авторлары: Бағдат Бектұрғанқызы, Нұрлан Жақыпбек, Мағауия Қалиев, Арыстанбек Кенже, Талғат Серікқалиұлы

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!