Атырауда нәрестені өлтірді деп айыпталған дәрігерлер сотталды

16:21, 19 қаңтар 2021
388

18 қаңтарда Атырау облыстық мамандандырылған қылмыстық сотында былтыр қыркүйекте "жаңа туған сәбиді тоңазытқышқа салып өлтірді" деп айыпталған бес дәрігердің ісі бойынша үкім шықты.

Бұл туралы соттан "Мой город" сайты хабарлады, деп жазады centralasian.org.

Сот Атырау облыстық перзентханасының бұрынғы директоры Қуаныш Нысанбаевты 18 жылға, акушер-гинеколог Асқар Қайыржанды 16 жылға, акушер Жамила Күлбатированы 15 жылға бас бостандығынан айырды.

"Қылмысты көре тұра айтпады" деп айыпталған неонатолог-дәрігерлер Руслан Нұрмұханбетов пен Дариға Жұмабеваның үш жарым жылға бас бостандығы шектелді. Жарыссөз кезінде дәрігерлер өздеріне тағылған айыпты мойындамаған.

Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ. Екі тараптың апелляциялық шағым жазуға құқығы бар.

2019 жылы қыркүйекте Атырау облыстық перзентханасының дәрігерлері "жаңа туған сәбиді тоңазытқышқа салып, қасақана өлтірді" деген күдікке ілінген.

Тергеу "дәрігерлер өмірге келген нәрестені өлдіге санап, құжат толтырып жіберген. Бірақ кейін нәрестенің тірі екені анықталған. Ал дәрігерлер базаға енген құжатты өзгертпеу үшін нәрестені тоңазытқышқа салған. Нәрестені тоңазытқышта қалдыру туралы бұйрықты Атырау облыстық перзентханасының директоры берген" деп мәлімдеген.

Президент әкімшілігі құзырлы органдарға істі жіті тексеруді тапсырған. Осы шудан соң Атырау облысы денсаулық басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиева қызметінен кеткен. Кейін оның үстінен "Салғырттық" бабымен қылмыстық іс қозғалып, оған бес миллион теңге айыппұл салынды және медициналық мекемелерде үш жыл басшылық қызмет атқаруға тыйым салынған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, бұл жайт перзентхана директорына қатысты басқа істі тексеру кезінде белгілі болған. Бұл іс бойынша перзентхана директоры "шетінеген тағы бір нәрестеге жасалған сараптаманы өз пайдасына шешу үшін Атырау облыстық сот-медицина институтының басшысына 300 мың теңге (шамамен 800 доллар) пара берген" деп айыпталған.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!