Асылған қыздың туыстары оның өз-өзіне қол салғанына сенбей отыр

11:10, 21 мамыр 2019

Алматы облысында бір апта бұрын жоғалған 18 жасар студент өлі табылды. Үйінен қаладағы оқуына қарай шығып кеткен Айгүл Амангелдінің мәйіті бір аптадан бері тауда жатқан көрінеді, деп хабарлайды Zakon.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Оқиға орнын тексерген тәртіп сақшылары ол өз-өзін өлтірді деген болжам жасап отыр. Себебі, асылған күйі табылған бойжеткеннің денесінде бірде-бір зорлық іздері болмай шыққан. Дегенмен, қыздың ауылдастары полициямен келіспейді.

Олардың айтуынша, қалаға қатынап оқып жүрген студентке әлдебіреулер қиянат жасаған болуы мүмкін. Талғар ауданындағы өзі тұрған Белбұлақ ауылынан Алматыға емтихан тапсыруға шығып кеткен қыздың денесі бір аптадан соң таудан табылды. Полицияның алдын ала мәліметіне қарағанда, Айгүл Амангелді онда өзі барып асылған.

Ернар Сайділдин, Алматы облысы полиция департаментінің ресми өкілі:

– Зорлық-зомбылық белгілері анықталмаған. Алдын-ала болжам бойынша, қыз өз-өзіне қол жұмсаған.

Десе де, қыздың аласа тауларда қалай асылып қалғанын тәртіп сақшылары нақты ашып айтпай отыр. Тіпті, қыздың таксиге отырғаны, не отырмағаны да белгісіз. Белгілісі сол, мәйіті ауылдан алыс емес жерде табылған. Ал жоғалатын күні Айгүл сағат таңғы 9-да үйінен асығып шығып кетіпті. Өйткені, Асфендияров атындағы ұлттық медицина университетінің 1-курс студенті сол күні анатомиядан емтихан тапсыруы тиіс болған. Алайда анасының батасын алып шыққан қыз оқу орнына жетпеген де екен.

– Айгүл міне мына партада отыратын.

Айгүл дәрігер болуды мектеп қабырғасынан армандапты. Ал арманы орындалғанда төбесі көкке жетіп қуанған. Тіпті, ол қуанышын бұрынғы мектеп ұстаздарымен де келіп бөліскен екен. Сол себепті де, мұндағылар оның өз-өзін өлтірді дегенге сенбейді.

Базаргүл Айнақұлова, Айгүлдің бұрынғы сынып жетекшісі:

– Өзіне қол жұмсайды дегенге мен сенбеймін! Жабулы қазан жабулы күйінде қалмасын деп ойлаймын. Өйткені, бір адам болу керек бұл жерде! Қандай адам екенін нақтылап анықтап шешсе екен деймін. Тауып, өзінің жазасын алса деймін!

Мектептегі ұстаздарының айтуынша, қыз өте тәрбиелі болған. Сабағын 4 пен 5-ке оқып, қатарластарының алды болған. Базаргүл Айнақұлова соңғы рет Айгүлмен өткен айда ғана сөйлесіпті. Үнемі сырын бөлісіп жүретін сынып жетекшісіне қыз оқуы ұнайтынын да айтқан.

Базаргүл Айнақұлова, Айгүлдің бұрынғы сынып жетекшісі:

– "Апай, сабағым жақсы" деді. Басында енді сәл қиналыс болды. Қазір жақсы.

Одан қалды, полиция "суицид" жасады деп болжаған қыз бауырларына үнемі бас-көз боп жүріпті. Көпбалалы отбасыдан шыққан бойжеткен 7 перзенттің екіншісі екен. Қалай дегенмен де істің ақ-қарасын сараптама қорытындысы ашып бермек.

Айта кетейік, тура осы Талғарда бұған дейін де 18 жасар қыз жоғалып кетіп, артынша өлі табылған. Мектепті жаңа бітірген Назерке Әріпті такси жүргізушілерінің бірі зорлап, өлтіріп, артынша денесін айдалаға тастап кеткен. Қаскөй осы Талғар қаласының бірнеше рет істі болған тұрғыны боп шықты.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!