Астанадағы халықаралық әуежай автотұрағында тарифтер өзгерді

17:47, 20 шілде 2018
478

Астанадағы «Нұрсұлтан Назарбаев» халықаралық әуежайының автотұрағында төлем тарифтері өзгерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Астанада Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында атап өтілгендей, әуежай автотұрағында жолаушыларды отырғызу мен түсіруге арналған арнайы жол желісі ашылды. Және оның ортақ автотұрақтан бөлек өз тарифі енгізілді.

«Тарифтерді қалыптастыру кезінде халықаралық тәжірибе ескерілді. Автотұрақ аймағының арнайы жол желісінде рұқсат етілген тегін тұру уақыты 0-ден 15 минутқа дейін. Еуропа елдерінде ең аз тегін тұру уақыты қолданылады немесе тегін уақыт деген болмайды. ТМД елдерінде тегін тұру уақыты көптеу», - деді «Астана LRT» компаниясының Басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердинов.

«Нұрсұлтан Назарбаев» халықаралық әуежайында жаңадан ашылған арнайы жол желісінің тарифтері келесідей: тұрақта тұрудың алғашқы 15 минуты - тегін. Уақыт шегінен асып кеткен жағдайда, автожүргізуші әрбір келесі сағаты үшін 1000 теңгеден төлейді. Жол желісі 2018 жылы 21 шілдеден бастап жұмыс істей бастайды.

Арнайы жол желісіне Қабанбай батыр даңғылымен 6 шлагбаум арқылы кіруге болады. Шығар тұста 5 шлагбаум бар. Автотұрақ ақысын төлеуді жеңілдету үшін арнайы жол желісінен шығар жерде 3 паркомат қойылған. Тағы 2 паркомат Т1 терминалында және Т2 терминалы жанында орнатылған.

Айта кетейік, әуежайдың ортақ автотұрағында тұру тарифтері де өзгерді. Егер бұрын алғашқы 30 минутқа тоқтау тегін болса, қазір бұл жеңілдік алынып тасталды. Яғни көлік иесі тұраққа кірген сәттен бастап 10 сағатқа дейін сағатына 100 теңге төлейтін болады. 10-шы сағаттан бастап, 24 сағатқа дейін - 1000 теңге. Әрбір келесі тәулігі - 500 теңге.

Енгізілетін жаңалықтар көлік жүктемесін тиімді басқаруға, автотұрақ кеңістігін пайдалануды оңтайландыруға және заңсыз тасымалдаушылармен нәтижелі күресуге мүмкіндік береді деп күтілуде.


Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!