Астанада қарсы бағытқа шығып, екі адамның өліміне себеп болған жүргізушіге үкім кесілді

16:41, 9 маусым 2026

© Фото: Zakon.kz

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында екі адамның өліміне себеп болған жол апатына қатысты үкім шықты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Жол апаты 2026 жылғы қаңтарда болды.

"Айыпталушы автокөлікті айдап келе жатып, Астана қаласы Түркістан көшесі жағынан Сарайшық көпірі арқылы Б.Момышұлы көшесіне қарай бағыттап бара жатып, көлік құралының қарқынды жүрісі учаскісі екеніне көңіл аудармай, көлік құралының жылдамдығын азайтпай, қозғалыс бағытындағы көріністі ескермей, рөлдік басқаруға ие бола алмай, яғни Жол қозғалыс ережелерінің талаптарын қатаң бұзып, жолдың қарама-қарсы бетіне шығып, жүргізуші С.-ның басқаруындағы автокөлігіне соқтығысып, абайсызда соңғы көлікте болған жолаушылар M. пен А.-ның өліміне әкеп соққан іс-әрекетті жасаған",- делінген ақпаратта.

Сотталушы тағылған айып бойынша кінәсін толық мойындады.

"ҚК-тің 345-бабы 4-бөлігінің санкциясы 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды және 7 жылға дейін көлік құралын басқару құқығынан айыруды көздейді. Сот үкімімен Қ. осы көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Сот Қ.-ның жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде өз кінәсін толық мойындауын, шын жүректен өкінуін, жәбірленушілерге келтірілген барлық шығындарды толық өтеуін таниды. Қ.-ның жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жайлар анықталмады",- деп мәлімдеді сот.

Айыпталушы қайтыс болған адамдардың туыстарына барлық шығынды өтеп, кешірімін алған.

Осы жағдайлардың барлығын ескере отырып, сот айыпталушыға 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын және 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айыру қосымша жазасын тағайындады.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін Арыс қаласында көлікті мас күйде тізгіндеген жүргізуші жол апатына түсіп, екі бала мен жүкті әйелдің өліміне себеп болғанын жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!