Астанада әуе шеруінің алғашқы дайындығы өтті

19:30, 21 сәуір 2017

Биыл Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің құрылғанына 25 жыл. Соған орай Астанада әскери шеру өтеді. Оған дайындық қазірден жүріп жатыр. Бүгін әуе шеруінің алғашқы дайындығы өтті.

Гүлжан Марқабаева, тілші:

-Дәл қазір біз Ми-17 тікұшағында отырмыз. Аталған тікұшақ қазақ армиясының қатарын 2004 жылы толықтырған. Содан бері ол әуеде 1400 сағат өткізді. Салмағы 11 мың 100 келі болады. Жалпы ҚР Қорғаныс министрлігіндегі 60-қа жуық тікұшақтың 15-і дәл осы Ми-17 тікұшағы болып табылады.

Көз алдыңда сан мыңдаған тетіктер, құлақ тұндырар шу. Тікұшақтың тізгінін 14 жыл тәжірибесі бар Роллан Бәкіров ұстап отыр. Ұшқыш болу әр баланың арманы, бірақ оның орындала бермейтін биіктігі бар.

Роллан Бәкіров, ұшқыш:

-Менің ағам тікұшақ пилоты болған. Сол тікұшақты көріп, өзіме ұшқыш боламын деп, серт бердім. 

Бұл бірінші жаттығу. 7 мамыр күні Қазақстан Қарулы күштерінің 70-ке жуық әуе кемесі әскери шеруге қатысады. Техника сапына жаңадан Ми-35, Ми-171, ЕС-145 ұшақтары қосылды. Су-30 ұшағы да биыл шеруге алғаш қатысады.

Дәурен Қосанов, ҚР ҚК Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы, авиация генерал-майоры:

-Бірінші жаттығу өтті. Кемшіліктер бар. Келесі жаттығуларда оның бәрін жоямыз. Ұшақтар мен пилоттардың дайындығы жақсы.

Әскери шеру дегеніміз әуеде әдемі қалықтау ғана емес, сонымен қатар елдің әскери әлеуетін әлеуметке көрсету болып табылады. 25 жылда қазақ әскері жаңарды. Ең бастысы елдің тыныштығын күзететін кәсіби мамандардың жаңа әрі жас толқыны өсіп шықты.

Бердібек Олжас, ұшқыш:

-25 жылдық аралығымен салыстырғанда дайындық өте жоғары деңгейде болып тұр. Мен соған қуаныштымын. Жалпы патриоттық сезім жоғары деңгейде болуы керек.

Елімізде тұңғыш әскери парад 1992 жылы 7 мамырда Алматыда өтіпті. Енді екі аптадан соң еліміздің қарулы күштері ширек ғасырға қадам басады. 

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Серік Қоңырбаев, Ерлан Наурызбаев

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!