«Астана Клуб» 4-отырысына ресейлік сарапшылардан кім қатысады

12:47, 19 қазан 2018
560

2018 жылы «Астана Клуб» төртінші отырысына шақырылған спикерлер арасында Ресей Федерациясының бірнеше сарапшылары мен саясаттанушылары бар екені белгілі болды деп хабарлайды zakon.kz.

Олардың қатарында «Валдай» халықаралық дискуссия клубының бағдарламалық директоры Тимофей Бордачев, РФ Президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Сергей Глазьев, Карнеги Мәскеу орталығының «Азия-Тынық мұхит өңіріндегі Ресей» бағдарламасының жетекшісі Александр Габуев және «Өркениеттер диалогі» зерттеу институты Қадағалау кеңесінің төрағасы Владимир Якунин бар.

Тимофей Бордачев - Ресей саясаттанушысы, халықаралық қатынастар саласындағы маман. «Валдай клубынан» бөлек бүгінгі таңда Бордачев ЭЖМ ҒЗИ (ӘЭжӘСФ) Еуропалық және халықаралық зерттеулер орталығының директоры, Сыртқы және қорғаныс саясаты жөніндегі кеңестің (СҚСК) зерттеу бағдарламаларының жетекшісі лауазымдарын атқарады.

1998 - 2003 жж. аралығында Бордачев Карнеги Мәскеу орталығында “Pro et Contra” журналының жауапты хатшысы қызметінде жұмыс жасады. 2004 ж. бастап «Ресей жаһандық саясатта» журналының бас редакторының орынбасары лауазымын, Сыртқы және қорғаныс саясаты жөніндегі кеңестің зерттеу бағдарламаларының жетекшісі лауазымдарын атқарды. 2004–2009 жылдары Еуропалық одақтың сыртқы дамуы және Ресей мен ЕО қарым-қатынастарыны мәселелері бойынша РФ мемлекеттік билік органдары үшін 200-ден астам талдау материалдарының бірлескен авторы.

Тимофей Бордачев РҒА Еуропа институтының, СҚСК және Стратегиялық бағалар мен талдау институтының жұмыс тобы құрамында талдау шолуларын орындады. Санкт-Петербург мемлекеттік университетін тәмамдады (1999). Спикердің ғылыми қызығушылық салалары: ресейлік-еуропалық қарым-қатынастар, Еуропалық Одақтың сыртқы саясаты, Еуропадағы билік пен бизнес арасындағы қарым-қатынастар, еуропалық және халықаралық қауіпсіздік. Сондай-ақ Бордачев Ресей мен шетелде жарыққа шыққан ғылыми жұмыстардың авторы болып табылады.

Сергей Глазьев – белгілі ресейлік экономист және саясаткер, РФ президентінің кеңесшісі, Ресей Банкінің Ұлттық қаржы кеңесінің мүшесі. 2008 жылдың қарашасында Глазьев Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың (ЕурАзОҚ) бас хатшысының орынбасары болып тағайындалды, ал 2009 жылдың 4 ақпанынан бастап Кеден одағы комиссиясының жауапты хатшысы болып бекітілді.

Глазьев Мәскеу экономикалық форумының сарапшысы және еуропалық экономикалық интеграцияның кешенді проблемалары жөніндегі РҒА Ғылыми кеңесінің төрағасы болып табылады. ММУ-н бітіріп, «Экономикалық кибернетика» саласында диплом алған. 1990 жылы КСРО ҒА Орталық экономика-математика институтында (ОЭМИ) докторлық диссертация қорғады. Сергей Глазьев – 300-дан астам ғылыми жарияланымдардың авторы.

Александр Габуев Мәскеу Карнеги орталығының «Азия-Тынық мұхит өңіріндегі Ресей» бағдарламасының жетекшісі болып табылады.

Мәскеу Карнеги орталығына келгенге дейін Габуев «Коммерсантъ-Власть» журналының бас редакторының орынбасары және «Коммерсантъ» БҮ редакция алқасының мүшесі болды. 2007 жылы «Коммерсантта» Азия мен ТМД елдеріндегі Ресей саясатын, сондай-ақ РФ сыртқы саясатындағы ірі ұлттық компаниялардың рөлін жарыққа шығару үшін жауап беретін тілші ретінде жұмыс жасай бастады. Дмитрий Медведевтің президенттік пулына кірді. Қауіпсіздік жөніндегі Мюнхен халықаралық конференциясының (2011) жас көшбасшыларының бірі, Сыртқы және қорғаныс саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі болып табылады. Александр Габуев, сондай-ақ, Халықаралық істер жөніндегі Еуропалық кеңестің шақырылған ғалымы болып табылады. М.В. Ломоносов ат. ММУ Азия және Африка елдері институтының «Қытай тарихы» бағыты бойынша магистр деңгейі бар (2009). Ағылшын, неміс және қытай тілдерін біледі.

Спикердің ғылыми қызығушылығы Азия-Тынық мұхит өңіріндегі Ресей саясатын, ҚХР-дағы саяси процестерді, сондай-ақ Қытайдың өз көршілерімен, оның ішінде алдыңғы кезекте Ресеймен және Орта Азия елдерімен қатынастарын қамтиды.

Владимир Якунин - Ресей дипломаты, қоғам қайраткері, бірнеше шетелдік университеттер мен жоғары мектептердің шақырылған профессоры. I класты мемлекеттік кеңесші. 2005-2015 жж. – «Ресей темір жолдары» ААҚ президенті. 2016 жылы «Өркениеттер диалогі» зерттеу институтының бірлескен құрылтайшысы ретінде институт жанынан сараптамалық-талдау орталығын ашты. Институт жыл сайын әлемдегі шиеленістерді азайту жолдарын талқылау, және де үкіметтерге, эксперттік-зерттеу саласының өзге де өкілдеріне, бизнес және БАҚ өкілдеріне арналған тұжырымдама жасау мақсатында жетекші сарапшыларды жинайтын Родос форумын өткізеді.

1972 жылы Ленинград механикалық институтын бітірді. Стокгольм экономика мектебінің және Пекин университетінің шақырылған профессоры, сондай-ақ Ресей СІМ Дипломатиялық академиясының құрметті докторы болып табылады.

«Астана Клуб» - жаһандық күн тәртібіндегі көптеген мәселелер бойынша ортақ пікірге келуге септігін тигізетін форму екенін, және халықаралық мәселелердің шешімін табуда Қазақстанның артып отырған рөлін баса көрсетуді мақсат ететін халықаралық дикуссия алаңы екенін естеріңізге сала кетейік. Клубтың 4-ші жыл сайынғы отырысы Қазақстанның елордасында 12-13 қараша күні «Назарбаев-Орталығында» өтеді. Клубты ұйымдастырушы -Елбасы - Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Қоры және Елбасы - Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты.

Биылғы жылы «Астана Клуб» жұмысына әлемнің 30 елінен келген 50-ден астам спикерлер қатысады, бұл елдер қатарында Аустрия, Ауғанстан, Бельгия, Мысыр, Италия, Қырғызстан, Пәкістан, Польша, Португалия, Ұлыбритания, Үндістан, Индонезия, Иран, Испания, Қытай, Норвегия, Ресей, Сербия, Словения, Хорватия, АҚШ, Швеция және Жапония бар.

Форумға келеді деп күтілген қонақтар арасында мемлекеттер мен үкіметтердің қазіргі және бұрынғы басшылары, ірі дипломаттар, жетекші ми орталықтарының басшылары және әлемдік деңгейдегі сарапшылар бар.

Іс-шараға 10 үкімет пен мемлекеттердің бұрынғы басшылары, 10 министрлер, Нобель әлем сыйлығының лауреаты, БҰҰ Бас Ассамблеясының 67-ші Президенті, геосаясат жөніндегі әлемдік бестселлерлердің 7 авторы және халықаралық қатынастар, геосаясат және экономика жөніндегі 21 беделді сарапшы келеді. Олардың қатарында Польшаның экс-Президенті Бронислав Коморовский, Словенияның экс-Президенті Данило Тюрк, Пәкістанның бұрынғы премьер-министрі Шаукат Азиз, Аустрияның бұрынғы сыртқы істер министрі және сыртқы байланыстар және Еуропалық көршілік саясаты жөніндегі ЕО комиссары Бенита Ферреро-Вальднер, Италияның сыртқы істер экс-министрі Франко Фраттини және басқалары қатысады.

Клубтың 4-отырысы шеңберіндегі Сарапшылар жұмысы «Үлкен Еуразияға апарар жол: ортақ болашақты қалай құруға болады?» тақырыбының айналасында өрбиді. Отырыс тақырыбын таңдау – қазіргі таңда өсіп отырған әлемдік изоляционизммен, сауда және санкциялық соғыстармен, жаһандық қауіпсіздікке төнген жаңа қауіптермен байланысты әлемдегі мен Еуразиядағы жаһандық процестерге негізделген.

Клубтың панельдік сессияларының барысында Үлкен Еуразия болашағының түрлі сценарийлері, «Белдеу және Жол» бастамасының, Еуразиялық экономикалық одақтың даму перспективалары, сондай-ақ Орталық Азиядағы трансформацияның заманауи үдерістері қарастырылатын болады.

2018 жылғы «Астана Клуб» дискуссия алаңы жұмыстарының маңызды нәтижесі «2019 жылғы Еуразия үшін қауіп-қатерлер рейтингі» болады. Оның мақсаты Еуразия өңіріндегі және әлемдегі геосаяси және геоэкономикалық өзекті процестерді бағалау болмақ.

Зерттеуді жасауға әлемнің 60 елінің 1000-нан астам сарапшылары қатысты. Өз кезегінде, мемлекет басшылары, халықаралық институттар және ірі БАҚ тарапынан ескерілетін 30 беделді сарапшылар мен саясатшылар кеңейтілген нұсқадағы пікірлерін ұсынды.


Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!